0:00 / 0:00
Елімізде ауру балаларды емдеуге арналған есепшоттар арқылы пайда табуды көздеген алаяқтар көбейіп кеткен. Олардың дені осы күнге дейін Алматы, Нұр-сұлтан, Ақтөбе қалаларында кездессе, енді батыс өңірде де қылаң бере бастаған. Мәселен, алаяқтар әлеуметтік желілер арқылы науқас балалардың ата-аналарына волонтерлар атынан хабарласып, қажетті соманың жиналғанын айтып, банк карталарының нөмірін сұрап, кейін ақпаратты жинаған соң, есепшоттағы қаржыны жымқырып отырған. Облысқа танымал волонтер - Ғалия Бекқожиева бірнеше жылдан бері, науқас балалардың еміне қаржы жинаумен шұғалданады. Ол өзі сынды еріктілерді қатарына тартып, көмек керек жандарға қол ұшын созып жүр. Соңғы аптада оның осы танымалдылығынан хабары бар алаяқтар Ғалияның атынан тұрғындарға хабарласып, жымысқы әрекеттерін жүзеге асырып жүрген көрінеді. Қазір орталық базар маңында науқас балалардың еміне ақша жинап жүргендерді де көзіміз жиі шалып жүр. Олардың бұл әрекеттері де күмәнді,- дейді сала мамандары. Өйткені, Нұр-сұлтан мен Алматы, Ақтөбе қалаларындағы осындай еріктілер тобының жұмысы заңсыз екені анықталған. Оралдықтар болса, Орталық базар маңында соңғы кезде алақан жайып, қолдарын созғандардың қатары көп екенін жасырмайды. Осы орайда, БҚО полиция департаментінің мамандары әлеуметтік желілілер арқылы пайда таппақ болған, арамтамақтардың қатары күн санап көбейіп келе жатқанын айтады. Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, биылғы жылдың 11-12 маусым күндері БҚО аумағында "Hi-Tech" жедел- профилактикалық іс шарасы өткізіліпті. Оның аясында бір күннің өзінде 12 қылмыс анықталған. Атап айтсақ, жергілікті полиция қызметкерлері Атыраудан 1991 жылғы, адамдардың сеніміне кіру арқылы пайда таппақ болған азаматшаны құрықтаған. Оның үстінен ҚР ҚК 190 бабы 2 бөлімі 4-ші тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалған. Сол себепті құзырлы орган өкілдері ел азаматтарын сақ болуға шақырады. Ал, нағыз қиналғанға көмек қолын созуға құлықты болсаңыздар, онда арнайы көмек қорларын таңдаңыздар. Қол жайғанның бәрі қайыршы емес екенін естен шығармайық!