0:00 / 0:00
Көктемгі су тасқыны кезінде 276 елді мекенді су басу қаупі бар. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин үкіметтің онлайн отырысында мәлімдеді. Бас құтқарушының айтуынша, солтүстік және орталық өңірлердің әкімдіктері көктемнің әлегіне тезірек қамданғаны жөн. Қазір республика бойынша 482 автомобиль жолының учаскесі және алты жүзден астам теміржол учаскесіне су жайылып ктееді деген қауіп бар. Бұл орайда құзырлы органдарға күні бұрын қамдану керек.
Қытымыр қыстан шығып, күн жылып, жер аяғы кеңіген шақта көктемнің өз әлегі бар. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, көктемгі су тасқыны кезінде 276 елді мекенді су басуы мүмкін.
Юрий Ильин – ҚР төтенше жағдайлар министрі -«Қазір 276 елді мекенді су басу қаупі ба. Ол дегеніміз 270 мыңнан астам адам. Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының Есіл және Тоғызақ өзендерінде қазіргі уақытта қар қоры норма шегінде. Қазіргі уақытта ірі су қоймаларының орташа толуы 70-75%-ды құрайды. Сонымен қатар бос көлемдер қорын ұстау қажет. Бүгінгі күні республика бойынша судың жайылуына бейім 482 автомобиль жолының учаскесі және алты жүзден астам теміржол учаскесі бар. Күннің күрт жылынуы, қардың тез еруі, сондай-ақ жауын-шашын жағдайында елді мекендерде су тасқыны жағдайы күрделенуі мүмкін».
Бұл орайда бас құтқарушы әкімдіктер елді мекендерден қар шығару жұмысын тездетуі керек деп санайды.Әсіресе солтүстік және орталық өңірлердің әкімдері көктемнің әлегіне тезірек қамданғаны жөн.Биылғы қыстың қары аз болғанымен, алдағы наурыз айының жауын-шашыны көп болады деген болжам бар. Сол себепті өңірлер су қоймаларының толу деңгейін жіті бақылауда ұстауы қажет дейді экология министрі.
Өз кезегінде үкімет басшысы, құзырлы министрліктер мен облыс әкімдеріне жедел шара қабылдауды жүктеді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, елде алты мың су шаруашылығы құрылыстарының бес жүзге жуық гидротехникалық құрылыстары істен шыққалы тұр, жөндеу жұмысын жүргізу керек. Оған қаражат бөлінуі тиіс. Ал соңғы бес жылда елде төтенше жағдайларды жоюға 44 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды.