Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

Қоғамдық кеңесте бірнеше мәселе көтерілді

c 11:35, 28/08 c 62

0:00 / 0:00

Өткен аптада Орал қаласы әкімдігінде қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Ғалым Орынғалиевтың төрағалығымен қалалық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Кеңесте  облыс орталығы  және кенттерінің 2024 жылға арналған бюджетін нақтылау туралы және шаһар әкімдігі «Орал қаласына бірыңғай сәулеттік келбетті беруге бағытталған, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін, шатырларын ағымдағы немесе күрделі жөндеу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы» қаулысына өзгеріс енгізу мәселесі қаралды. Қоғамдық кеңес отырысында қала мен кенттерді дамытуға қатысты екі негізгі мәселе қаралды. Күн тәртібінде алдымен Орал қаласы мен  кенттердің 2024 жылға арналған бюджеті нақтыланды. Кеңес мүшелері қаржыландырудың басым бөлігін әлеуметтік сала мен абаттандыру және  инфрақұрылымды жақсартуға аудару қажеттігін қаперге салды.Екінші мәселе қаладағы көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларын жөндеу бойынша атқарылған жұмыстарға арналды. Орал тарихи қала. Осы орайда кеңес мүшелері бүгінгі таңдағы бой көтеріп жатқан құрылыс барысына қатысты сыни-пікірлерін жеткізді. Олар: жобаға сәйкес көне ескерткіштерді қайта жаңғыртудың орнына қарапайым үйлер неге салынып жатыр?- деген сауалды көтеріп, бұл қаланың мәдени мұрасы мен оның сәулеттік келбетіне әсерін тигізуі мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірді. – Тарихи орындарды сақтап қалу керек. Себебі бұл ғимараттардың құны өлшеусіз. Алдымен осы нысандарды жаңғырту қажет, деп санаймын. Себебі бүгінген тарихи орындарды сақтап қалуға ден қоймасақ,  уақыт өте келе көп шығынға әкелуі мүмкін. Ал құрылыс жұмыстары жыл бойы үздіксіз жүре беретіні белгілі ғой,- деді  қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Светлана Тенишева. Светлана ханымның бұл пікіріне Орал қаласы  әкімі аппаратының басшысы Алтай Құлқаев бұл мәселелердің күн тәртібінен түспейтінін хабарлады. – Өздеріңіз білесіздер кеңесте көтерілген барлық сұрақтарға бірден жауап беру қиын, біз бұл жәйтті жеке қарайтын боламыз. Алдымен халықтың жағдайын жақсарту бойынша жұмыстарға ден қойылады,- деді аппарат басшысы Алтай Есмағұлұлы.Қоғамдық кеңес отырысында Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және газ-техникалық инспекциясы секторының меңгерушісі Нұртілеу Шайдығалиев шаһарда сегіз көпқабатты үй бюджет есебінен күрделі жөндеуден өтетінін хабарлады. Жаңғырту жұмыстарына үйлердің шатыры мен қасбеті кіреді. Маманның айтуынша  2022 жылы  қалада көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырларына ағымдағы немесе күрделі жөндеу жүргізу ережесі бекітілген. Бұл шаһарға  біртұтас сәулеттік келбет беру мақсатында жасалып отыр.  Биыл қазына қаражаты есебінен сегіз көпқабатты үйді жөндеуден өткізу жоспарлануда. Жобалық-сметалық құжаттама дайын  көрінеді. Енді мердігер компанияны  анықтау бойынша конкурстық рәсімдер өткізілмек.  Жөндеу барысында нысанның қасбетін толығымен сырлау, балкондарды қаптау, шатырды ауыстыру шаралары орындалады. — Тек бұл ғана емес жақын арада тағы 30 үйді күрделі жөндеуден өткізуге конкурс жарияланады. Жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Әзірге қаланың екі даңғылы – Назарбаев пен Абайдың бойында ғана үйлері жөнделмек. Жұмыстар толығымен бюджет қаражаты  есебінен жүргізіледі, тұрғындар үшін ешқандай шығын болмайды. Олардан талап етілетіні тек келісім, - деді Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және газ-техникалық инспекциясы секторының меңгерушісі Нұртілеу Шайдығалиев.        Айта кетейік, көпқабатты бір үйді күрделі жөндеуден өткізуге шамамен  20 миллионнан 70 миллион теңгеге дейін қаражат жұмсалады. Қаржы үйдің ауданына, қабаттарының санына және жағдайына байланысты бағамдалады. Мәселен, биыл Н. Назарбаев 216/1, 216/2, 221, 223, 232, 234, 236, 238 және Абай 48 мекенжайларындағы үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.Күн тәртібінде көтерілген негізгі мәселелер мен мәмілелер қалалық мәслихаттың келесі кезекті сессиясында қаралмақ.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.