0:00 / 0:00
ЮНИСЕФ-тің бағалауынша, Қазақстанда кедей балалар саны 1 миллионға жеткен. Елдегі балаларға арналған жәрдемақы көлемі тым аз. Барлық жәрдемақы түрлерін қысқартып, соның орнына әрбір балаға 18 жасқа дейін орташа жалақы көлемінде әмбебап жәрдемақыны енгізу қажет. Осы жәрдемақы баланың және ананың қажеттіліктерін өтеуі тиіс. Сондай-ақ, бала күтімін 3 жылға дейін ұзарту керек. Депутат Айжан Ысқақова бастаған топ үкіметке жолдаған сауалында осы ұсыныстарын алға тартты.
Әу баста үкімет көпбалалы отбасыларын қолдау үшін атаулы әлеуметтік көмекті іске қосты. Ол тек жағдайы төмен отбасыларына берілді. Одан кейін аналар бас көтеріп, еліміздегі көпбалалы отбасындағы бала санына қарай жәрдемақы белгіленді. Әр балаға 10 мың теңгенің үстінде. Алайда, мына заманда бір айда бір баланы 10 мың теңгеге асыру мүмкін бе? Қымбатшылық қысқанда пәтер ақысы шарықтағанда, бала-шағасын асырай алмаған отбасыларында кедейшілік орнауда. Депутат Ысқақованың айтуынша, Қазақстанда 1 млн кедей бала бар. Бұл ЮНИСЕФ-тің есебі. Ал тамаққа тоймай, киімге жарымай жүрген бала қайтіп білім алсын. Болашағы не болмақ?
Айжан Ысқақова – ҚР парламент мәжілісінің депутаты "Бүгінде жұмыс істемейтін әйелдерге бала күтімі бойынша төленетін ай сайынғы жәрдемақы бір бала үшін 16 802 теңге, екінші балаға – 19 865 теңге, үшінші балаға – 22 898 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 25 961 теңгені құрайды. Сонда күніне бір балаға 560-865 теңге шығады. Анасына ештеңе төленбейді. Ал сотталған бір адамның тамағына күніне 1018 теңге жұмсалады. Біз киім-кешектіңғ тамақтың, ойыншық пен кітаптың қымбат екенін жақсы білеміз. Басқа қажеттілікті айтпағанда"
Депутат Қазақстандағы әрбір балаға 18 жасқа дейін орташа жалақы көлемінде әмбебап жәрдемақысын енгізуді ұсынады. Бізде орташа жәрдемақы көлемі 230 829 теңгені құрайды. Бұл орайда қазір беріліп жатқан барлық жәрдемақы түрлерін қысқарту қажет дейді ол. Ал мәжілісмен Өмірғали Ерлік елдегі демографияны дамыту үшін, жас отбасыларын баспанамен қамту бағдарламасы қажет дейді.
Бұған дейін де ақжолдықтар жас отбасылар үшін әр бала туған кезде 25% мөлшерінде ипотекалық кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауды енгізу туралы ұсыныс жасағанды. Егер субсидиялар мүмкін болса, жас отбасылар ең болмағанда бірінші кезеңде несие төлеу үшін жұмыс істеуге және ақша табуға тырысады. Осылайша әр баланың тууы мен отбасылық бюджетке жүктеме азаяды деген ұсынысты алға тартты депутат.