0:00 / 0:00
Қазақ Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оңтүстік Кореяға сапары тарихи сәтпен басталды. Өмірінің соңғы күндерін қазақ жерінде өткізген Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның сүйегі ата жұртына жеткізілді. Осы шараға мұрындық болған Қазақстан Президентіне Корея президенті Мун Чжэ Ин ризашылығын білдірді. Екі ел басшылары бастаған делегацияның кездесуі барысында, Қазақстан мен Корея арасындағы спорт, сауда, экология салаларында келісім-шарттарға қол қойылды. Өз кезегінде мемлекет басшысы Оңтүстік Кореядан инвестиция тарту мәселесін жалғастыруды ұсынды. Тілші репортажынан
Бұл қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың билікке келгелі, Президент ретінде оңтүстік Кореяға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары болып отыр. Тоқаевтың бұл сапары тарихи сәтпен сәйкесті. Қазақ басшысы құр қол бармады. Кореяның азаттығы үшін күрескен тұрға, сол елдің ұлттық батыры, генерал Хон Бом Доның сүйегі ата жұртына жеткізілді. Корея Президенті Мун Чжэ Инге марқұмның Қазақстанда жерленген жерінен бір уыс топырақты табыстады. Әсерлі сәтте корей жұрты қаһарманымен қайта қауышқандай болды.
Қазақ басшысына риза болған Корея Президенті өз жұртының алғысын жеткізді.
МУН ЧЖЭ ИН – КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ " Кореяның тәуелсіздігі үшін күрескен Ге Бон У, Хван Ун Дена және генерал Хон Бом Доның сүйегін жеткізіп бергендеріңіз үшін ризамыз. Біздің халықтарымыздың тарихи байланысы сонау Ұлы Жібек жолынан басталып, кейінгі этникалық корейлерді Қазақстанға жер аударумен жалғасты. Біз Қиыр Шығыстан жер аударылып барған корейлерді өзінің ыстық құшағын жайып қарсы алған қазақ халқының кең пейілдігін ешқашан ұмытпаймыз, алғысымыз шексіз".
Биыл Қазақстанның тәуелсіздігіне 30 жыл толып жатса, әлдеқайда дамып кеткен Оңтүстік Кореяның дербестігіне 76 жыл толып отыр. Корея заманауи технологияны, медицина жаңашылдықтарын толық меңгеріп, даму жолында алға кеткен ел. Жемқорлықты жойып, ел экономикасын, әлеуметтік саласын қамтып алған Республика. Қазақ елінің корейлерден үйренері көп. Оңтүстік Корея Қазақстанның Азиядағы ең маңызды стратегиялық әріптесі болып табылады. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның экономикасына 6 миллиард доллардан астам корейлік инвестиция тартылған. Бүгінде елімізде 550 корея қаржысы құйлыған компания жұмыс істеп жатыр. Тоқаев Кореядан инвестиция тарту әлі де жалғасады деді.
Екі ел басшыларының қатысуымен өткен кездесуде, екіжақты құжатқа қол қойылды. Мәдениет, сауда, энергетика, экология саласындағы өзара әріптестік туралы келісімдер жасалды. «Самұрық-Қазына» қоры мен Корея халықаралық сауда қауымдастығы арасында ынтымақтастық меморандумына қол жеткізілді. Сондай-ақ Президенттер әлемде орын алып отырған жағдайларды, халықаралық құрылымдардағы өзара ынтымақтастықты талқылады. Одан әрі мемлекет басшысы екі елдің ірі компания басшыларының жиынына қатысты. Тоқаев автомобиль жасау, тұрғын үй құрылысы, металлургия және ауылшаруашылығы сияқты салаларда жалпы құны 1,5 миллард доллардан асатын 16 инвестициялық жобаның іске асырылатыны туралы айтты. Сондай-ақ, Корея компанияларын елімізде 5G жобаларын іске асыруға шақырды.
Жиын соңында жалпы сомасы 1,7 миллиард АҚШ долларын құрайтын 34 келісімге қол қойылды. Осылайша корей технологиясын тартуға басымдық беретін бірлескен инвестициялық жобалар жүзеге аспақ.