0:00 / 0:00
Қауіпті індет-коронавирус депутаттарға жетті. Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханнан COVID-19 вирусы анықталып, ауруханаға түсті. Бұл жайында Мәжілістің ресми сайтында ақпарат тарады. Онда коронавирустық инфекцияны анықтауға арналған тест Мәжіліс депутаттарының бірінде оң нәтиже көрсетті. Қазіргі уақытта Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханнан коронавирустық инфекция анықталып, ол қажетті емдік курсын қабылдауда деп жазылған. Мәселенің мән-жайын біліп депутаттың өзіне хабарласқанымызда, Бекболат Тілеухан ауырып жатқанын растады. Соңғы деректер бойынша, елімізде жалпы 13558 адам індетті жұқтырған болса, 8 593 –і дертінен сауығып шықты, 67 науқас індет салдарынан көз жұмды.
Өткен тәулікте республика бойынша індетке шалдыққандардың саны 314-ке жетіп, өсім 2,3% құрады. Коронавиврус жұқтырғандар саны күн сайын артуда. Басым көпшілігі жаппай тест тапсыру барысында анықталуда. Елдегі пандемия барысында 67 науқас індет салдарынан көз жұмды. Бұл көрсеткіште елорда алда тұр. Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 2 620 адамды құраса, оның 70 пайызы емделіп шықты. Он төрт адам қайтыс болды.
Шаһардың бас дәрігерінің мәліметінше, Нұр-Сұлтандық дәрігерлердің қауіпті індетті жұқтыруы артып отыр. Қазір елордада 330 медицина қызметкері коронавирус жұқтырды. Айта кету керек, COVID-19 вирусы Парламент депутаттарына да жетті. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханнан коронавирустық инфекция анықталып, ол елордадағы ауруханада ем алып жатыр. Қауіпті індет депутаттан он күн бұрын анықталған. Оның көмекшілерінің бірінің хабарлауынша, дәрігердің ұсынымымен Бекболат Тілеухан үйде ем алып жатқан. Бірақ жағдайы қиындап, өкпесі қабынып үш күн бұрын ауруханға түскен. Мәжілісменнің маңайындағыларға да бұл індет жұққан. 5 көмекшісі карантинде жатыр. Тілеуханның өзіне хабарласқанымызда, ол шынымен ауырып жатқанын растады.
Мәжілісмен ем алып жатқан медициналық мекеме басшысының айтуынша, науқастың жағдайы қалыпты.
Парламент депутаттары карантиннің алғашқы күндерінен бастап, онлайн режимде жұмыс істеп жатыр. Жасы 65-тен асқан Мәжіліс депутаттары қашықтықтан жұмыс істеуге көшкенді. Палатаның хабарлауынша, Мәжіліс депутаттары және аппарат қызметкерлері үнемі коронавирустық инфекцияға қарсы тест тапсырады.