0:00 / 0:00
БҚО - дағы 4 колледж болашақта сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін. Бұл туралы бүгін елдегі колледждерді сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі жобалық кеңсесінің өкілдерінен құралған жұмыс тобымен өткен жиында мәлім болды. Аталған басқосуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев, ҚР Білім және ғылым министрлігінің техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Насымжан Оспанова, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының адам ресурстарын дамыту департаменті директорының орынбасары, жобалық топтың жетекшісі Ләззат Шонаева, «Кәсіпқор» холдингінің басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ермек Күзенбаев қатысты.Кездесуде сөз алған жұмыс тобының мүшелері колледждерді сенімгерлік басқаруға беру жобасының тетіктеріне тоқталып, жан-жақты түсінік берді. Яғни министрлік сатып алу құқынсыз колледждерді сенімгерлік басқаруға беруді өткен жылдан бастап тәжірибелік негізде қолға алған. Бүгінде Павлодар облысында үш, Алматы облысында екі оқу орыны осы жүйені сәтті жүзеге асыруда. Павлодардағы мал мамандары мен агрономдарды дайындайтын колледждерде сенімгерлік басқаруға берілгенге дейін меншігіндегі жер телімінен басқа ешқандай техникалары болмаған. Бұл жағдай ауыл шаруашылығына қажетті мамандарды дайындауда қиындықтар туғызғаны жасырын емес. Аталған колледждерді ірі шаруа қожалықтары сенімгерлік басқаруға алғаннан соң жағдай мүлдем өзгерді. Яғни, колледжде білім алатын жастар таңдаған мамандығын теория жүзінде оқып қана қоймай, шаруашылықтардан машықтан өтуге мүмкіндік алған.Бұл жобаның нақты мақсаты - әр инвестор өзі жұмыс жасап жүрген саланына дуалдық білім беруді дамыта отырып, жас мамандарды дайындау. Жұмыс тобы өкілдерінің айтуынша, бұл жоба барлық колледждерді жаппай сенімгерлік басқаруға беру деген сөз емес. Дегенмен, бұл жоба белгілі бір бағытпен айналысатын кәсіпорындарға өз қажеттілігіне қарай мамандарды дайындауға мүмкіндік туғызады.Біздің өңірде үш-төрт кәсіпкер бұл жобағы қызығушылық танытып отыр. Сол кәсіпорын жетекшілері бүгінгі басқосуда өздерін толғандырған сауалдарға нақты жауаптар алды. Алайда олардың нақты жұмысты қашан қолға алатындары белгісіз.