0:00 / 0:00
Кәсіп - түбі нәсіп. БҚО Ақжайық ауданының азаматтары осы сөзді саналарына әбден құйып алғандай. Олай дейтініміз ауылда өз кәсібін ашып, шаруасын дөңгелентіп отырған азаматтар саны күн санап артып отырғаны.Олар мемлекеттік бағдарламалар арқылы несиеге қол жеткізіп, кәсіптерінің аясын кеңейтіп отырған жандар. Арна тілшісі Ақжайық ауданында болып, кәсіп иелерімен тілдесіп қайтты.
Мына тұрған ғимарат туралы осыдан 3-4 жыл бұрын ешкімге керексіз далада қараусыз қалған еді деп айтса сенбес едіңіз. Иә, расымен далада бос қалған ғимаратты мемлекеттен алып, арнайы кәсіп орынына айналдырып отырған - Асылбек Халелов есімді азамат. Қазір бұл жерде көлік жөндеу орны, көлікті жууға арналған орын, бір сөзбен айтқанда машина түрлеріне қызмет көрсету кешені жұмыс жасап тұр. Одан бөлек жанында шағын асханасы да жұмысын бастағалы тұр. Бір сөзбен айтқанда керексіз қалған ғимарат , елге керекті, халыққа қажет орталыққа айналып шыға келді.
Ақжайық ауданында кәсібін ашып, игілігін көріп отырғандар жетеді. Сондай жандардың ішінде нәзік жандылар да бар. Мысалы Айна Айденова есімді келіншек сұлулық салоның ашып, ауыл тұрғындарына қажетті қызмет түрлерін көрестіп отыр. Шаш сәндеу, тырнақ әрлеу, бет әрлеу дегендер осы жерде жасалады. Айжан Данаева есімді азаматша да сұлулық салоның іске қосқан .Алдағы уақытта кәсіптің аясын кеңітіп, машинаға арналған қызмет көрсету орталығын ашуды жоспарлап отыр.
Мемлекет қазір кәсіптен нәсіп табамын деп отырған азаматтарға үлкен қолдау көрсетіп отыр. Ақжайық ауданы бойынша бизнес бастау жобасы аясында 175 адам, кәсіпкерліктің қыр сыры туралы оқудан өтіп, солардың 25-і кәсіп ашамын деп несие алып үлгерген. Ал, бизнес кеңесші жобасы бойынша бір ғана тайпақ ауылының өзінен 30 адам оқудан өткен. Мұндай жұмыстар Чапай ауылдық округінде де жүріп жатыр.
Қазір Ақжайық ауданы бойынша 1811 кәсіпкерлік субектісі тіркелген. Ауданда мемлекеттік бағдарламалар арқылы 85 адам несиеге қол жеткізген. Қазір солар ауданның экономикасының дамуына үлес қосып, адамдарды жұмыспен қамтып отыр.
Ауданның әлеуетін арттыру мақсатындағы жұмыстар алда да жалғаса бермек.