0:00 / 0:00
"Атамекен" кәсіпкерлер палатасында облыс аумағында орналасқан күл-қоқыс алаңдары мен қала мен ауыл-аймақтың бас жоспарының жай - күйі талқыланды. Кәсіпкерлер палатасында өткен жиын барысында экология департаментінің өкілдері 2021 жылы қабылданатын жаңашылдықтарды тізбектп, қазіргі жағдайға тоқталды.
Бизнес субьектілері мен құзырлы органдардың өкілдері бас қосқан жиында елді-мекен, қаланың бас жоспары талқыланды. Жиын барысында сала мамандары облыс аумағының басым көпшілігінде нақты бекітілген жоспар жоқ,-дейді. Мәселен, Ақжайық ауданына қарасты 51 елді-мекеннің, 22 ауылында бас жоспары бекітіліпті. Ал, Бөкей Орда ауданында 1 ауылдың ғана жоспары жасақталған. Ал, ауыл-аймақ пен қаладағы жасақталған бас жоспар өткен ғасырдың 60-90 шы жылдары бекітілген. Жиынға қатысқан жандар маңызды құжаттың болмауы бизнестің өркендеуіне тұсау салып отыр дегенді айтады.
Жиын барысында облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы облыс орталығында кейбір нысандардың жобалау-сметалық құжаттамасы жоқ болса да, құрылысы жүріп жатқандығын мәлімдеді. Нысандарды тапсырыс беруші өзі салып, тиісті жоспар мен рұқсатсыз мердігерден қабылдап жатады.
Кәсіпкерлер бас қосқан жиналыста мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы салынып жатқан нысандарға тексеріс жүргізу үшін арнайы комиссия құру туралы ұсынысын ортаға салды. Өңірлік кеңес мүшелері күл-қоқыс мәселесіне де тоқталған болатын. Қазіргі таңда қоқыс полигонының мәселесі өз шешімін таппай келеді. Жыл санап саны артып келе жатқан полигондар адам өміріне қауіп төндіріп тұр. Қазіргі таңда облыс аумағында 318 қоқыс полигоны бар. Оның 247сі әкімдердің тиісті нұсқаулығымен жұмыстануда. Сондай-ақ, әуе түсірілім кезінде 500 апатты полигонның бар екендігі анықталған.
Еліміздің аумағында 2021 жылдан бастап құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды сақтауға тыйым салынбақ.