0:00 / 0:00
БҚО-ның кәсіпкерлері энергетика министрлігі бекіткен дизельді отынның шекті бағасына наразы. Министрлік Орал мен Ақтөбе өңірлерінде сұйық отынның бағасы 260 теңгеден аспауы шарт деп шешім қабылдапты. Ал көрші Атырау мен Маңғыстау облыстарында дизельді отын 230 теңге шамасында саудалануда. Отын бағасының қымбаттауы барлық тасылмалдау ісіне салмақ салатыны сөзсіз. Қосымша шығындар да көбеймек.
"Атамекен" кәсіпкерлер палатасында дизельді отынның шекті бағасына көңілі толмайтын бір топ бизнес субъектісі өкілдері мен атқамінерлер жиналды. Олар жақында энергетика министрлігі бекіткен сұйық отынның өзге облыстарымен салыстырған бақандай 30 теңгеге қымбат сатылып жатқанына наразы. Қазір облыста дизельді отынның бағасы 260 теңгеден саудалауда.
Жиынға қатысқан жандар дизельді отынның бағасын 260 теңгеден саудалау кәсіпкерлерге қосымша салмақ салатынын айтады. Мәселен, осы жылы облыста 300 шақырым жол жөндеу көрмек. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін уақытылы тиісті тауар тасымалдануы тиіс. Ал сұйық отынның бағасы қымбат болғасын, тасымалдау құны да шарықтайтыны бесенеден белгілі.
Кәсіпкерлер бір тонна жүкті тасымалдау үшін шығынға шаш етектен батамыз деседі. Ал жолаушыларды тасымалдап отырған кәсіпкерлер бұрынғы жолақы бекітілген шақта дизельді отынның құны 107 теңге болғанын атап өтті. Жиынға қатысқан сұйық отынды саудалайтын кәсіпкерлер біздер заң талаптарын орындап отырмыз,- дейді.
Жиында кәсіпкерлер "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы мен үкіметке хат жазамыз деп тарқасты. Олар дизельді отынның бағасын өзге өңірлерде саудаланып жатқан сұйық отынның бағасымен теңестіруді сұрайды. Себебі отын бағасы қымбат болса, бұл барлық тасымалдау саласында да тауар, қызмет құнының шарықтауына алып келмек.