0:00 / 0:00
Соңғы күндері дүкендердегі картоп бағасы күрт өсіп, елді әбігерге түсіріп жатыр. Наннан кейін картоп халықтың ең көп тұтынатын тағамы. Дүкен сөрелерінде картоптың құны 400 теңгеден асып жығылған еді. Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, картоптың қымбаттауына экспорт көлемінің артуы себеп болған. 2023 жылы шамамен 400 мың тонна картоп экспортталған болса, өткен жылдың соңында екі есеге артып, көлемі 600 мың тоннаға дейін өскен. Картоптың басым бөлігі көрші Өзбекстанға сатылады екен. Министрлік өкілі картопқа тапшылық жоқ, бағасы реттеліп жатыр дейді.
Жәутікбаевтың айтуынша,тұрақтандыру қорларында картоп бар, еліміз бойынша шамамен 62 мың тонна қалды. Айта кету керек, картоп бағасы ауыл шаруашылығы өндірушілерінде қымбаттап отыр. Логистика мен сауда үстемесін қосқанда, қазіргі уақытта Қазақстан бойынша орташа баға 322 теңге шамасында болып отыр. Бағасы шарықтаған соң үкімет картопты өзге елдерге экспорттауға 6 айға шектеу қойды.
Ауыл шаруашылық министрлігінің өкілінің мәліметінше, қазір ірі өндіруші кәсіпорындарда 600 мың тоннадан артық картоп, тұрақтандыру қорларында – 60 мың тоннадан астам картоп бар. Ал ай сайынғы қажеттілік – 168 мың тоннаны құрайды. Бұл мамыр айына дейін жетеді деп сендіреді.