0:00 / 0:00
Коронавирустың таралуы өршіп тұрған сәтте, митинг өткізуге тиым салынады. Еліміздің бас прокурорының орынбасары Болат Дамбаев қазақстандықтарға үндеу жасады. Үндеуде қадағалаушы орган заңсыз митингілерге қатысатын азаматтар жауапкершілікке тартылатынын ескертті. Өз кезегінде денсаулық сақату министрі Елжан Біртанов пандемия барысында көпшілік жиналуға болмайтыны, миттнгке шыққан азаматтар карантин талабын бұзып, әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айтты.
Әлеуметтік желіде маусымның алтысы күні митингке шығыңдар деген хабар тарауда. Бұл шетел қашып жүрген олигарх Мұхтар Әблязовтың үндеуі. Өздеріңізге мәлім, Әблязов жетекшілік етіп отырған «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» қозғалысы біздің елде экстремистік ұйым ретінде танылған. Осы хабарламаға қатысты, бас прокуратура бүгін қазақстандықтарға үндеу жасап, митингке шыққандар заң бұзғандар болып табылады деді. Наразылық шеруге шыққандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 15 күнге қамалады. Себебі, қазір елде коронавирустың таралуына орай карантин жағдайы сақталған. Ал пандемия барысында көпшілік жиналуға тиым салынған. Осыған байланысты, бас прокуратура азаматтарды арандатушылыққа ермеуге және заңсыз бұқаралық акцияларға қатысудан бас тартуға, бейбіт жиналыстар өткізу кезінде жаңа заң ережелерін мүлтіксіз сақтауға шақырды.
Ал еліміздің бас дәрігері Елжан Біртанов, халыққа митингке шықпауға кеңес берді. Себебі бұл қауіпті вирустың өршуіне әкеп соғуы мүмкін.
Елжан Біртанов – ҚР ДСМ; «Карантин барысында адамдардың жаппай жиналуына тиым салынады. Митингке шығу халық үшін қауіпті. Тағы да айтам, заң талабын сақтаңыздар. ДДҰ-ң, Бас санитарлық дәрігердің нақты талаптары бар. Оны орындамағандар әкімшілік жауапқа тартылады. Мен митингіні ұйымдастырып отырғандарға тоқтата тұрыңыздар деймін. Бұл өте қауіпті».
Айта кетейік, Митингі туралы жаңа заңда енді рұқсатты күтпей ескерту жасап, шеруді өткізе беруге болады. Тек рұқсат етілген жерлерде өткізу керек. Сондай-ақ, митингке қатысушыларға бетперде киюге рұқсат етілген.
Ал Денсаулық сақтау министрінің болжауынша, коронавирустың келесі толқыны маусымдық тұмау эпидемиясымен бірге қазан айында болады.
Қазір елде қаупті індеттің екінші толқыны жүріп жатыр дейді министр. Әзірге оған қарсы вакцина шықпай, не инфекция өзі әлсіремей бұл індет жалғаса береді.