0:00 / 0:00
Екі айдан бері қазақстандықтар карантин режимінде өмір сүріп жатыр. Соңғы апталарда бірқатар қалаларда карантин шаралары жеңілдетіліп, тұрмыс-тіршілік қайта жандануда. Ендігі мамырдың 25-нен бастап елдегі барлық әуежайлар ашылады. 1 маусынан бастап темір жол қатынасы жанданады. Алайда, карантиннің жеңілдеуі қазақстандықтарды тым босаңсытып жіберді. Ірі сауда орындарында, сән салондарында, қоғамдық көліктерде санитарлық норма толық сақталмай отыр. Оның бір дәлелі ретінде Алматы қаласындағы жағдайды айтуға болады. Оңтүстік астананың бас санитары Жандарбек Бекшин бастаған мобильдік топ карантин талаптарын өрескел бұзғандарды анықтап, айыппұл салды. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, өткен тәулікте республика бойынша 363 адам қауіпті індетті жұқтырды. Осылайша ауырғандардың жалпы саны 7,5 мыңнан асты. Жазылып шыққандар 3 мың 900-ге жуықтады.
Елде карантин талабы жеңілдетілген сайын, адамдардың қауіпті індетті жұқтыруы артып барады. Барлық сауда орындары, мейрамхана, дәмханалар жұмыс істеп жатыр. Елорданың өзінде енді ғана ашылған ірі сауда үйлеріне барған адамдардың қарасы қалың. Елорда мобильдік тобы жүргізген тексерулер нәтижесінде санитарлық норманы бұзған 150 кәсіпорынға ескерту жасалды. Оның ішінде құрылыс компаниялары, мейрамхана, дәмханалар, қонақүйлер бар. Карантин талабын өрескел бұзған үшін екі дәмханаға 10 аек көлемінде айыппұл салынды. Ал Алматы қаласындағы жағдайды өз көзімен көріп шыққан , шаһардың бас санитары Жандарбек Бекшин карантин талаптары бұзылып жатқанын айтады. Бекшин бастаған мобильдік топ оңтүстік астанадағы ірі сауда орындарын, базарларды, шаштараз салондарын аралап шықты. Сән салонында клиенттерді қабылдау барысында арақашықтықты сақталмаған. Дүкендерде азық-түлікті орап сату нормалары бұзылған.
Әлеуметтік арақашықтықты белгілейтін сызбалар жоқ. Кей сатушылар бетпердесіз тұр. Залалсыздандыру құралдары қойылмаған. Тұтынушылар тарапынан да бетпердесіз жүрегендер бар.
Талап бойынша ірі сауда орындарының кіре берісінде келушілердің дене қызуын тексеру керек. Алматыдағы Көкбазарда ол болмай шықты.
Осылайша, ескертусіз келген қадағалушыларды көрген сатушылар да, нысан иелері де абдырап қалды. Ал санитарлық норманы өрескел бұзған ірі базар қожайынына 4 млн теңге көлемінде айыппұл салынады.
Қазір еліміздің 13 қаласы бойынша ғана әуе қатынасы жанданған болса. Енді мамырдың 25-н бастап барлық әуежайлар ашылады. Ал маусымның 1-нен бастап теміржол қатынасы жұмысын бастайды. Алайда, поездға билет алғандар, қауіпті індетті жұқтырғандар саны күн сайын артып жатқандықтан, қаладан шыға алмай қаламыз деп, билеттерін қайтарып жатыр. Осылайша халық «карантин қайта қатаңдатылады» екен деп даурығуда.