Қазіргі уақытта қала аумағынан 196 мың текше метр қар шығарылып үлгерген. Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевтың сөзінше, тәулігіне екі ауысым бойынша 100-ден астам техника, 60-қа жуық КамАЗ, 19 қар тиегіш арқылы қар тасымалдануда. Қар тазалау жұмысына «Жайық Таза қала» ЖШС-ның 300-ден астам қызметкері жұмылған. Оларға күн сайын 200 студент ерікті түрде қол ұшын созуда. Бұл жұмыстарды облыс басшысы Алтай Көлгінов те арнайы бақылап қайтты.
Бүгінде 1, 2-саяжай аумағында 90-дай адам тасқынның алдын алуға қатысты нұсқаулық парақтарын таратуда. Орал қаласы Зашаған кенті Сарытау шағынауданындағы қар суын ағызуға арналған арна да толықтай тазалануда. Бұл арнадан аққан қар суы Орал-Саратов жолы жанындағы үлкен каналға құйылмақ.
Бүгінде Зашағандағы көше бойындағы жол астына төрт су өткізгіш құбыр орнатылып жатыр. Ал кенттен шығарылған қардың көлемі 20 мың текше метрден асты.