0:00 / 0:00
Әлемді жалмаған қауіпті індетке қарсы вакцинацияның қазіргі қарқыны кезінде қалыпты өмірге оралуға әлі 7 жыл керек. Бұл жайында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Үкіметтің онлайн отырысында айтты. Бас банкир дамыған елдерде ковидке қарсы екпе алу тым баяу жүріп жатқандықтан, экономиканың дамуын тежеп отыр дейді. Ал Ұлыбританияда коронавирустың тағы бір жаңа түрі табылды.
Елдің әлеуметтік-экономикалық даму барысын талқылаған министрлер кабинеті, әлемдік экономикадан тәуелді екенімізді тілге тиек етті. Пандемия қай елдің болмасын даму барысын тежеп отыр. Оған қоса, табысын айырылғандар саны артып, жұмыссыздық та өсуде. Бизнес болса өлместің күнін кешуде. Ал азық-түлік бағасы ай сайын қымбаттап, халықтың тапқан табысын инфляция жеп жатыр. Еліміздің бас банкирінің болжамы көңіл қоншытпайды. Досаев мырза да, әлем халқын қауіпті індеттен тек вакцина қорғай алатынын еске салды. Ғалымдар ойлап тапқан вакцинаға әлі де сенімсіздік бар. Соның салдарынан екпе жасату тым баяу жүріп жатыр. Ковидке қарсы вакцинацияның қазіргі қарқыны осылай сақталатын болса қалыпты өмірге оралуға әлі 7 жыл керек дейді Ұлттық банк төрағасы.
Вакцинация салдыру бойынша Израиль алдыңғы қатардағы ел болып отыр. Онда халықтың 41 пайыздан астамы вакцина алған. Ал әлемнің ірі экономикаларында вакцинация жасату барысы тым баяу. Досаевтың келтірген мәліметіне сүйенсек, Ұлыбритания халқының 20 пайызы, АҚШ 10,9%, Еуроодақта - 2,9 пайыз ғана екпе жасатқан. Көптеген дамушы елдер әлі вакцина егуді бастаған да жоқ. Халықаралық сарапшылардың пікірінше,әлем халқының 75 пайызына екпе салдырып, қалыпты өмірге қайтару үшін 7 жыл қажет. 2020 жылдың қасіреті –қауіпті індеттің таралуы болып отыр. Бұл әлемдік экономикалық дағдарысты өршітіп жіберді. Дамыған елдер пандемиямен бірлесіп күресеміз, әлемдік экономикаға 5 трлн доллар инвестиция құямыз деп уәде етті.