0:00 / 0:00
Жаңа 2024-2025 оқу жылында бірінші сыныпқа ағымдағы күнтізбелік жылдың соңына дейін алты жасқа толатын балалар қабылдануда. 1 сыныпқа қабылдау 1 сәуірден 31 тамызға дейін жүргізілетін болады. Жалпы қала бойынша 6000-ға жуық оқушы мектеп табалдырығын аттайды деп жоспарлануда. Қазіргі таңда 5157 оқушы қабылданған. Оның ішінде 3503 оқушы қазақ сыныптарында оқығалы отыр. Жаңа оқу жылында қала мектептерінің жалпы контингенті 1-11 сынып аралығында 63 200 оқушы болады деп жоспарлануда. Жалпы оқушы саны қала бойынша жыл сайын 2500-3000 балаға көбеюде. Мектепке оқушыларды қабылдау айдың аяғына дейін жалғаса береді. Әлеуметтік жауапкершілік аясында жер қойнауын пайдаланушы компания облыс орталығында үш білім ошағын: №11, №17 және Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық мектепті жөндеуде. Бұл мақсатқа шамамен 4 млрд теңге бөлген.Сондай-ақ биыл қыркүйектің бірі жексенбі күніне түскенімен алғашқы қоңырау мерекесі ауыспайды. Салтанатты рәсім дәл сол күні өтеді. Қала бойынша 2023-2024 оқу жылы 11 сыныпты 2479 түлек аяқтаса, оның ішінде 39 Алтын белгі иегері, 101 түлек үздік аттестатты алған. №36-шы Мұстақым Ықсанов атындағы ЖББОМ өткен жылды сәтті аяқтаған. Түлектердің 77,7 пайызы мемлекеттік грант иегері атаныпты. Бүгінде білім ошағы жаңа оқу жылына дайын. Мектептің алаңы абаттандырылып, оқышыларға жайлы жағдай жасалған. Білім ошағының директоры Ерік Жылқыбайұлының айтуынша, жаңа оқу жылында жаратылыстану-математика бағытында терең білім беру мақсатында 5 жаңа интерактивті панель алынып, сыныптар толықтай мазмұнды білім беруге даяр.Облыстық білім беру басқармасының берген мәліметінше жыл соңына дейін өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 9 мектеп пайдалануға беріледі. Аймақ бойынша 125 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды деп күтілуде.