0:00 / 0:00
Бүгін "Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік" аясында, Деповская көшесінде алты қабатты 132 пәтерлі тұрғын үй қолданылуға берілді. Осылайша бірнеше жылдан бері Қазақстанның "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне" қаржы жинаған салымшылар мен апатты үйде түрғандар қала күні қарсаңында - жаңа пәтерге ие болды.
Деповская көшесі бойындағы апатты деп танылған 2 қабатты 3 тұрғын үйдің орнына бой төтерген 6 қабатты су жаңа баспананы мемлекетпен келісімшарт бойынша «Орал Полимер» ЖШС тұрғызды. Осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынған мемлекеттік бағдарламаның нәтижесінде салынған үйдің игілігін енді халық көреді.
Аталмыш баспананың құрылыс жұмыстары 2017 жылы басталып, екі жылда осындай зәулім тұрғын үй бой түзеді. Айта кеткен жөн, қалған 100 пәтер «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуінде айтылған «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы аясында тұрғындар игілігіне беріліп отыр. Қалалықтардың қуанышын бөлісуге келген облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев өңірде мемлекеттік бағдарламалар жүйелі жүзеге асып келе жатқанын тілге тиек етті.
Естеріңізге сала кетейік, Оралда 200 ескі үй болса, оның 40-ы ресми түрде апатты деп танылды. Осы орайда 2015-жылдан бері мемлекеттік жеке әріптестік бағдарламасымен апатты үйлерді жою жұмыстары қолға алынуда.
НАДЕЖДА СУРОВА
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бүгін біздің қуанышымызда шек жоқ. Осы кезге дейін баспанамыз апатты деп танылып, өмірімізге қауіп төнгеннен соң, біз мемлекеттің қарауындағы баспананы паналап едік. Міне енді қала күні қарсаңында өз үйімізге қолымыз жетіп, кілтін алып отырмыз. Шыны керек, екі жылдан бері қорқыныштың болғаны жасырын емес. Өйткені үйіміз әне беріледі міне беріледі деп созбалаңға салынып еді. Қала күні қарсаңында тосын сый болды десе де болады. Енді осындай заманға талапқа сай жаңа бой көтерген үйде тұратын боламыз. Қуаныш көп болсын.
Соңғы бес жыл ішінде 14 апатты үй бұзылса, бұл Оралдағы "Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік" аясында тапсырылған екінші үй.