0:00 / 0:00
Шаһар басшысы Абат Шыныбеков Зашаған кентінің тұрғындарымен кездесіп, тілдесті. Үй салып, бала-шағасымен өмір сүріп жатқан тұрғындарды жол азабы, көшені жарықтандыру мен жаңа мектеп салу мәселесі толғандырады.
Зашаған кенті соңғы жылдары тұрғын үйлердің құрылысы мен халық санының өсуі бойынша көш бастап тұр. Жыл сайын бірнеше үй мен әлеуметтік нысандар қолданысқа тапсырылатын кентте проблема да аз емес. Осыдан 10 шақты жыл бұрын жер алып, үй салған тұрғындар әлі күнге дейін көшелеріне тақтайдай тас жол төселмегенін, жарық шамдары да орнатылмағанын айтып налиды. Бір топ тұрғын осы сауалдарын қала әкіміне жолдады. Атқамінерлермен тілдескен жандар: "Біздер жаңа асфальт сұрамаймыз, тым болмаса ескі тас жолды бөліп берсеңіздер де соған ризамыз. Немесе Борлы тау ауданынан ақбалшық төсеуге рұқсат беріңдер",-дейді.
Бөкен би көшесі мен оның қиылысында тұратын тұрғындар аялдаманың келбетін сынға алды. Олар аталмыш аялдамада отыратын орындық пен жарықтың жоқтығын айтып, керек-жарағыңды сатып алатын дүкеннің де үнемі жабық тұратынын тілге тиек етті.
Бөкен би көшесінің тұрғындарымен тілдескеннен кейін әкім жаңадан бой көтерген Бірлік көшесінің тұрғындарымен жүздесті. Өткен жылы осы көшенің бойында бірнеше үй азаматтарға табысталды. Ал баспананың аулалары биыл абаттандырылмақ.
Әкімнің сөзіне сенсек, Атқыштар бригадасы көшесінен бастап Саратов тас жолында жаяу жүргіншілерге арналған жол салынбақ.