Өткен жылдан бастап БҚО-да ит-мысықтарды чиптеу басталды. 2020 жылы облыстық мәслихаттың шешімімен үй жануарларын таңбалау жұмыстары қолға алынды. Мамандардың келтірген дерегіне сүйенсек, бүгінгі таңда не бары 1700-ден астам ит-мысық ғана чиптелген.
2019 жылдан бастап БҚО-да үй жануарларын ұстау қағидаты өзгеріске ұшырады. Өткен жылдан бері облыста ит пен мысықты чиптеу басталды. Яғни, әрбір үй жануарының иесі өзінің қаражаты есебінен жануарларын таңбалайды. Мамандар жаңа ереже өз күшіне енгеніне қарамастан үй жануарларын таңбалаған азаматтардың аз екенін айтады.
Ит пен мысықты таңбалау жұмыстары арқылы тек үй жануарларын ғана емес, көше кезіп жүрген жануаларды да есепке ала бастаған. Қазіргі таңда жалпы 7000 астам ит пен мысық арнайы есеп базасына енгізілген. Өткен жылдары Жәңгір хан атындағы университет мамандарымен бірге таңбалау, оларды биозалалсындандыру жұмыстары жүргізіле бастады.
Чиптелген, биозалалсыздандырылған ит пен мысық ауланған мекеніне 3-5 күннен соң қайта оралады. Десек те, аулада, қоқыс маңында тамақ іздеп, адамдарға үріп, олардың қыр-соңынан қалмайтын бұралқы ит пен мысықтың саны азаймай отыр. Олардан бала түгілі ересектер де қорқады. Осындай бұралқы ит пен мысықтың санын есептеу үшін чиптеу басталды. Енді әрбір үй жануарларының иесі таңбаланған төбеті көше кезіп жүрсе, әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жауапқа тартылады.