0:00 / 0:00
Орал қаласында "Исатай мен Махамбетке" арналған ескерткіш ашылды. Зиялы қауым қос батырдың ерлігін елеп- ескерген, өскелең ұрпаққа үлгі болатын батырлықты, өр рухты дәріптейтін тұлғаларға арналған ескерткіштің орнатылуын көптен бері көтеріп, айтып келген еді. Көптен бері армандап келген мүсіннің биіктігі 13 метр. Ескеркіштің бес метрі қоладан құйылса, 7 жарым метрі граниттен салынған.
Ақ жайық өлкесінде қазақтың азаттығын аңсап, сан мәрте басын қатерге тігіп, тәуелсіздік үшін күрескен Исатай мен Махамбетке арналған ескеркіш ашылды. Қос батырдың мүсіні қаланың орталығына бет алған тұста, орын тепті
Қос батырға арналған ескерткішті жасау үшін 1 жылға жуық уақыт кеткен. Баһадүрлерге арналған тас мүсінді Серік Рүстембеков, Ринат Әбенов пен Ербол Зиятбеков есімді мүсіншілер жасаған.
Исатай мен Махамбеттің қазақ тарихында алатын орны ерекше. Қос батыр ұлт азаттық көтерілісті бастап, азаттық жолында өлім құшты. Олардың ерлігі мен елдігі бүгінгі ұрпаққа үлгі.
Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз алған қазақтың Ақ шағаласы ақын, Ақұштап Бақтыгереева жиналған қауымға өр рухты өскелең ұрпақты тәрбиелеу керектігін айтып, ескерткіштің тектен -тек орнатылмағанын еске салды.
Бұған дейін қос батырға арналған ескерткіш Атырау облысында 1995 жылы орнатылған еді.