0:00 / 0:00
Сары аймақта тұрған Қазақстанда эпид жағдай тұрақталды. Үкіметтің онлайн отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі эпидемиологиялық ахуал туралы мәлімдеді. Министрдің айтуынша, қазір індеттің таралуы төмендеді және эпидемиологиялық жағдайдың біртіндеп тұрақтануы байқалады. Соңғы екі жұмада вирус жұқтыру көрсеткіші өткен екі аптамен салыстырғанда 20 пайызға төмендеді. Дегенмен, министрлік болжағандай, қазақстандықтардың вакцина салдыруы жоспарлағаннан баяу болып тұр.
Еліміздің бас дәрігері Алексей Цой болжағандай, індеттің шарықтау шегі мамыр айының ортасына дейін тіркеліп, кейін бәсеңдеп отыр. Министр өз баяндамасында елде қауіпті індеттің таралуы 20 пайызға төмендегенін айтып, қуантты. Қазақстан "сары" аймақта тұр. "Қызыл" аймақтан алты өңір шыға алмай отыр. Дегенмен, ел астанасы ауруханада ковидтен емделіп жатқандар саны бойынша көш бастап тұр.
Алексей Цой- ҚР денсаулық сақтау министрі «Күнделікті төсек-орын санына жүргізілетін мониторинг бойынша өңірлерге бөлгенде, 18 мамырдағы жағдай бойынша төсек-орынның 36 пайызы бос емес, ал реанимациялық төсектің 28 пайызы бос емес. Төсек-орындардың 49 пайызы Нұр-Сұлтанда бос емес. Бұл ең жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ Алматы облысында 45%. Реанимациялық төсек-орындармен қамтылу Нұр-Сұлтан қаласында - 52% және Алматы қаласында - 47% байқалады».
Министрдің айтуынша, кейбір азаматтар оқшаулау режимін сақтамай жан-жағына қауіп төндіріп отыр. 26 сәуірден бастап бүкіл өңірде енгізілген «Ashyq» қосымшасы азаматтартың статусын айқындауда көп көмек беруде дейді ол. Елде ашық жүйесі барлық қызмет саласындағы 6 мыңға жуық нысанды қамтып, 1,4 млн пайдаланушы тіркелген.
Алексей Цой- ҚР денсаулық сақтау министрі «Ashyq» енгізілген сәттен бастап «қызыл» және «сары» мәртебесі бар 3 256 келуші анықталды, оның ішінде 1 867 ПТР-тестінің оң нәтижесі бар науқастар және 1 389 байланыста болған адамдар бар. Статистика көрсеткендей, өкінішке қарай, кейбір жауапсыз азаматтар үйде оқшаулау режимін сақтамайды, халық көп жиналатын нысандарға баруға, көпшілік ішінде жүруге тырысады, осылайша ұшақтағы басқа келушілер мен жолаушылар үшін қаупін тудырады».
Дегенмен, министр болжағандай жыл соңына дейін 6 млн адамға вакцина салу жоспары әзірге баяулап тұр. Сәуір айында 2 млн қазақстандық екпе салдырады деген жоспары іске аспай қалды. Мамыр айының ортасы болды, елде ковидке қарсы екпенің бірінші компонентін салдырғандар саны 1,9 миллионды құраса, екінші дозасы 800 мыңға жуық адамға ғана егілді. Ал екпені толық алғандар ғана вакицнацияланған болып саналды. Премьер-министр өз кезегінде, министр Цой мен өңір әкімдеріне вакцина салдыру жұмысын жандандыруды тапсырды.