0:00 / 0:00
Шаһарымызда Кеңес Одағының батыры, Ресей батыры Қайыргелді Сайынұлы Майдановты еске алуға арналған грек-рим күресінен ашық турнир салтанатты түрде бастауын алды.
Қайыргелді Сайынұлы екі соғыста да асқан батырлық көрсетіп, әуе шайқасының ғаламат қас шебері болған алаштың ақиық азаматы. БҚО Жымпиты ауданына қарасты Тасқұдық ауылының тумасы. Жерлесіміз Ауғанстандағы екі соғыс кезінде 1250 рет жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін әуеге көтеріліп, 85 жараланған солдат пен офицерді құтқарған. 100 тоннадан астам жүк тасып, жүздеген десантшыны соғыс ошағынан қауіпсіз жерге жеткізген.
Еліміздің спортшыларынан басқа көршілес Ресейден жас палуандар боз кілемде бақтарын сынады. Демек, биылғы дәстүрлі түрде 13-ші мәрте өткізіліп отырған турнир халықаралық деңгейге жетіп отыр. Қайыргелді Майдановты еске алуға арналған турнирге олимпиада ойындарының үш дүркін жүлдегері Гюзель Манюрова арнайы келген болатын.
Дерек көздеріне үңілсек, Ауғанстандағы соғыста Кеңес Одағының Батыры атанған 96 адамның қатарында қазақ ұлтынан жалғыз Қайыргелді Майданов қана екендігі мәлім. ТМД елдері ішінде Кеңес Одағының және Ресейдің батыры атанған бір-ақ адам болса, ол-қазақ Қайыргелді Майданов. Грек рим күресінен ашық турнир екі күнге созылмақ.