Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

ЕЛГЕ ТҮРІК ИНВЕСТИЦИЯСЫ КЕЛЕДІ

c 10:15, 27/04 c 51

0:00 / 0:00

Қазақ үкіметінің түбі бір түркі еліне сапарының мақсаты – қазақ-түрік ынтымақтастығының сапалы дамуын қамтамасыз ету болып табылады. Астықты терең өңдеу, көмір химиясы, мұнай-газ өнеркәсібі, мұнай-химия және басқа салалардағы бірлескен жобалар қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға мүмкіндік туып отыр. Түркияға сапарында қазақ премьері Олжас Бектенов Түркияның вице-президенті Джевдет Йылмазбен келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ түріктің ірі компаниялары мен холдингтерінің өкілдерімен кездесуде инвестициялық ынтымақтастық мәселесін талқылады.Қазақ-түрік бизнес-форумында сөз сөйлеген үкімет басшысы Қазақстанда инвесторлар үшін барлық жағдай жасалатынын айтты.

Анкарада өткен бизнес-форум барысында Қазақстан мен Түркия жалпы құны $180 млн-нан астам инвестициялық ынтымақтастық саласындағы коммерциялық 10 құжатқа қол қойды. Оның ішінде дайын өнімді экспорттау жөніндегі меморандум, логистикалық хаб салу туралы келісімдер, сондай-ақ кальцилендірілген сода, жаңбырлатып суару жабдықтарын, тоқыма емес материалдар шығаратын бірқатар зауыттар салу туралы, суару жабдықтарын құрастыру бойынша келісімдер бекітілді. Сонымен қатар тұқым шаруашылығы саласындағы озық тәжірибе алмасу, сондай-ақ тұқым жеткізу перспективалары туралы келісімге қол қойылды. Бұл орайда Жамбыл өңірінде бірнеше жоба жүзеге асады деп күтілуде.

Қазақстан мен Түркия арасында бір жылдың ішінде темір жол көлігімен жүк тасымалдау көлемі 40 пайызға өскен. Енді көліктік тасымалдау әлеуетін арттыру үшін Тарнкскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамыту көзделіп отыр.

Түркия Қазақстанның ең ірі 5 сауда серіктесінің бірі болып табылады. Үздік 20 инвестордың қатарында. Екі ел үкіметтері кем дегенде $10 млрд деңгейінде тұрақты сауда көлемін жүйелі түрде қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Қазақстан Түркияға өнімнің 34 түрі бойынша жалпы құны $630 млн-нан астам тауар экспорттамақшы. Олардың ішінде металлургия, мұнай-химия, азық-түлік және машина жасау өнеркәсібінің өнімдері бар.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша қазақ премьері Түркия Президенті Режеп Ердоғанның қабылдауында болды.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.