0:00 / 0:00
Соңғы 4-5 жылда онлайн сауда қазақстандықтардың өміріне енді десек болады. Бүгінде дүкен аралап керегіңді іздеп жүрмей-ақ, электронды сауданың мүмкіндігін пайдаланып, интернет арқылы тауарыңды таңдап, ақысын өтеп ,үйіңе жеткізіп аласың. Соңғы төрт жылда электронды сауда 5 есеге өсіп, өткен жылы 3,2 трлн теңгеге жеткен.
Дегенмен, онлайн сауданың әттеген-айы да жоқ емес. Сауда министрі шетелдік онлайн-дүкендер үшін жұмыс шарттарын қайта қарау бастамасын көтерді. Себебі, сауда интернет-платформаларына қатысты шағымдар жиілеп кеткен. Тауардың сапасы немесе дер кезінде жеткізілмеуі сияқты деректер орын алуда. Шаққалиев шетелдік маркетплейстерді тіркеуге арналған электрондық платформаны енгізуді ұсынды. Бұл орайда тауарлардың қауіпсіздігі, контрафактімен күресу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, жеке деректерді сақтау және қорғау, салық және кедендік ашықтық мәселелері қамтылар еді.
Мәлім болғандай, онлайн саудамен айналысатын компаниялар көбірек салық төлейді. Елімізде бөлшек саудамен айналысатын 505 мың офлайн компания 3 жыл ішінде 240 миллиард теңге салық төлесе, онлайн саудамен айналысатын 73 мың компания 360 миллиард теңге салық төлеген. Бұған қоса отандық маркетплейстер 135,2 миллиард теңге салық төлеген, - деді сауда министрі. Бұл орайда тұтынушылардың құқығын қорғау заңына өзгерістер енгізіліп жатыр. Қазір мәжілістің қарауына жатқан құжатқа сай шетелдік маркетплейстер үшін терминалдық аппарат енгізіледі. Ал маркетплейстен алынған сапасыз тауарды қайтаруға болады. Бұл орайда шетелдік және отандық маркетплейстерге талап бірдей және ортақ. Сауда министрі де ел қатарлы онлайн сауданың қызығын көріп жатыр екен.
АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ – ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ «Әрине мен де электронды сауда алаңдарын қолданамын. Екі жыл бұрын Алибаба арқылы тапсырыс бердім. Негізі отандық маркетплейстерді де пайдаланамын. Азық-түлік емес тауарларға тапысырыс беремін. Өзіме ұстара алдым. Азық-түлікті жұбайым алады».