0:00 / 0:00
Инновациялық технологиялар ғасырында барлық саланы жаппай цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның ішінде, білім саласын заманауи жаңғыртудың маңыздылығы зор. Орал қаласындағы А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясында оқушыларды тамақтандыру үдерісін автоматтандыру жүйесі іске қосылды. Орал қаласында алғаш болып іске қосылған электронды асхана жүйесі қазан айынан бастап қолға алынды. Негізгі қолданушылары мектеп оқушылары болғандықтан өте тиімді саналады. Өйткені асханадағы ас мәзірі мен олардың бағалары терминал экранынан көрініп тұрады. Жаңашылдық арқылы уақыт үнемдеп қана қоймай мемлекеттік қызметтің мөлдірлігіне де көз жеткізесіз.
Бүгінде гимназиядағы бастауыш сыныптағы 696 оқушыға карталар толықтай берілген. Сонымен қатар аз қамтылған отбасылардың 45 баласы мен 7 сынып оқушылары да аталмыш қызметттің түрін пайдаланады. Жүйенің тиімділігін ниет танытқан кез-келген осы мектептің білім алушысы тұтына алады.
Әсіресе, жаңашылдық асхана қызметкерлерінің жұмысын жеңілдеткен.Терминал мектеп ішінде орналасқан. Банк карталарын ата-аналар өздері толтырып отырады. Бұл қызметті екінші деңгейді банк төлемдері арқылы да жүзеге асыруға болады. Айта кету қажет электронды асхана жүйесі қалалық әкімдіктің бастамасымен қолға алынған. Алдағы уақытта Оралдағы өзге білім ошақтары жаңа технология мүмкіндіктерін пайдаланады деп жоспарланып отыр.