0:00 / 0:00
Қауіпті індеттің таралуы қарқындап тұр. Қазақстан бойынша аты жаман вирусты жұқтырғандар саны мыңнан асты. 142 адам жазылып шықты, 14 адам қайтыс болды. Тек Алматы қаласы бойынша бір күнде COVID-19 вирусына шалдыққандар саны күрт артты. Бүгінгі күні Алматыда 346 науқас тіркеліп отыр. Республика бойынша қауіпті вирус жұқтырғандар саны бойынша, Алматы, Нұр-Сұлтан және Қызылорда алдыңғы қатарда тұр. Өкінішке орай, басқа өңірлерде де жағдай мәз емес. Науқастар саны күн сайын артуда. Өздеріңізге мәлім, елде коронавирусқа тексеру үшін тегін тестілеу жүріп жатыр.Тек елордада 5 мыңға жуық экспрес-тестілеу жүргізіліп, соның ішінде 61 адамда анықталып, ауруханаға жатқызылды.
Елдегі ахуалға тоқталсақ, Қазақстанда COVID-19 вирусын жұқтырған науқастар саны мыңнан асты.14 адам қайтыс болды. Соңғы мәлімет бойынша елорда тұрғыны қауіпті індеттен көз жұмды.
Нұр-Сұлтанның денсаулық сақтау басқармасы басшысының хабарлауынша, коронавирустан қайтыс болған 1950 жылы туған ер адам үш күн бойы үйінде ыстығы көтеріліп жатқан. Медициналық көмекке жүгінбей, өз бетінше емделген. Науқас ауруханаға 11 сәуірде жедел жәрдеммен жеткізілген.Бірден жансақтау бөліміне жатқызылғанымен, дәрігерлер оның өмірін арашалап қала алмады. Себебі, марқұмның басқа аурулары болған.
Сәуле Қисықова – Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы; «Аты жаман індеттен көз жұмған марқұммен байланыста болған туған-туыстары тексеруден өтті. Қазір олар үй жағдайында карантинде отыр», - дейді Қисықова. Айта кетейік, соңғы күндері елде қауіпті індетке экспресс-тестілеу жүріп жатыр. Соңғы үш-төрт күнде Нұр-Сұлтан қаласында тегін жүргізілетін шұғыл тестен 4 766 адам өтті. Нәтижесінде 61адамнан вирус анықталған.
Сәуле Қисықова – Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы; «Сәуірдің 9 мен 13 аралығында Нұр-Сұлтан қаласында 4 766 адамға экспресс- тестілеу жүргізіліп, 61 адам ауруханаға жатқызылды. Яғни 1,2 пайызынан тест оң нтәиже берді.Бұл адамдар әрі қарайғы тексеру жұмыстары үшін провизорлық стационарға жатқызылды. Яғни, полимеразды-тізбекті реакция әдісімен коронавирус инфекциясына тексеру жүргізіледі. 61 адамның 30-ы теріс нәтижемен ауруханадан шығарылды»
Алматы қаласы бойынша қауіпті індеттің таралуы күрт артты. Бүгінгі мәлімет бойынша шахарда коронавирус жұқтырғандар саны 300-ден асып кетті. Соның ішінде медицина қызметкерлерінің вирус жұқтыруы артқан. Қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевтың хабарлауынша, Алматыда тағы 116 медицина қызметкері коронавирус жұқтырды. Екеуі ауыр халде жатыр. Алматылық дәрігерлер қауіпті індетті науқастардан да жұқтыруы мүмкін, өйткені олар шұғыл медициналық көмек көрсетуді жалғастырып отырды. Науқастардың ішінде ауру белгілері байқалмағандар да болуы мүмкін", - дейді Әбілдаев мырза.
Өздеріңізге мәлім, сәуірдің 24-і күні Қасиетті Рамазан айы басталады. Барша мұсылман қауымы Ораза ұстауға ниеттеніп отыр. Бүгін онлайн брифингке шыққан еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы карантин барысында бірқатар шектеулер енгізілетінін айтты.Соның ішінде Тарауық намазы мешіттерде оқылмайды.
Ал христиан қауымының діни мерекесі Пасха барысында да барлық қауіпсіздік шаралары сақталып, үйде қарсы алуға кеңес берілді.