0:00 / 0:00
Бүгінгі күні халықты иммунизациялау - жұқпалы аурулардың алдын алудың басты әдісі саналады «Ал екпеден бас тарту - инфекцияны қабылдағыш адамдарда сан түрлі аурудың көбеюіне алып келеді», - дейді дәрігер мамандар. Алайда екпеден өткен жылдың өзінде 1000-ға тарта батысқазақстандық бас тартыпты. Оның 130-дан астамы перзентханада-ақ нәрестелеріне екпе ектіруге қарсы келіпті. Жаға ұстатар көрсеткіш ай санап көбейіп келеді.
Екпе десе көпшілік көкейінде туындайтын сұрақ көп. Бүгінде тіпті бүтіндей бір отбасының ағайынды балалары екпеден қағылып жатыр. Ал бұған себеп не? Бір қызығы, мешіт имамдары бұл вакцинаға еш қарсылық танытқан емес. Олай болса, қоғам талаптарынан баз кешкен бұл әлеуметтің санасын не улаған? Баяғы сол жат ағым жетегі ме, әлде басқа себеп бар ма? Дін мамандары адамзатқа аманат ретінде берілген денсаулығымызды сақтау керектігін айтады.
Айта кетелік, бүгінде Қазақстан бойынша вакцинация сұрақтарының қауырт желісі іске қосылды. 8-800- 070-08-30 нөмірі арқылы сіздер екпеге қатысты көкейкесті сауалдарыңызға жауап ала аласыздар!