«Московский» базарында коронавирусқа қарсы екпе кабинеті жұмыс жасай бастады. Екпе кабинетінің жұмысы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен аталмыш базар әкімшілігінің бірлескен бастамасы негізінде ұйымдастырылып отыр. Базар әкімшілігі ұсынған орын-жай тегін, әрі санитарлық талаптарға сай. Екпе жасау - ең бірінші халықты қорғайтын, індетті тоқтататын әдіс. Аурушаңдықтың артуына байланысты медициналық ұйымдармен қатар, көпшілік орындарда да екпе жасау бөлмелері ұйымдастырылып, демалыссыз екпе салу жұмысы жүргізілуде. Бұған дейін орталық «Мирлан» базарында жылжымалы егу пункті орналасқан болса, енді «Московский» базарындағы арнайы бөлмеде де індетке қарсы вакцинациялау жүргізілуде. Бұл әсіресе таңнан кешке дейін сауда жасайтын кәсіпкерлер үшін және базарға келушілер үшін ыңғайлы.Орта есеппен күніне 2000-3000 тұрғын базарға келеді екен. Сондықтан халық көп жиналатын орында әр адам өзі денсаулығының қамын жасауы маңызды. Осыны ескерген базар жұмысшылары мен бутиктерді жалға алушылар алғашқы күннен-ақ вакцина алуды бастады. Алдымен терапевт-дәрігердің тексерінен өтіп, денсаулық жағдайы туралы сауалнама жүргізілді. Мұнда №3 қалалық емхананың медициналық бригадасы жұмыстануда. Бригада дәрігер, тіркеуді жүзеге асыратын мейіргер және вакцина жасаушы медбике сынды үш адамнан құралған. Дәрігер-маман барлық санаттағы адамдарға екпе алуды ұсынады. Әсіресе, артериалды қан қысымы, жүрек ауруларымен ауыртындар, созылмалы аурулары бар, соның ішінде қант диабетіне шалдыққандар бірінші кезекте. Өйткені олар коронавирустық инфекцияны жұқтырған жағдайда дертті ауыр өткеретіндердің қатарында.Жалпы бүгінге дейін 57 444 облыс тұрғыны індетке қарсы екпенің бірінші компонентін алған. Олардың ішінде 21 947-сі толық курсты қабылдап үлгеріпті.