0:00 / 0:00
Сала мамандары қара жерге дән сеуіп, тыраштанып еңбектеніп, нәпақасын тауып отырған шаруалармен жүздесті. Олар арнайы жаднама таратып, тілсіз жау таралмас үшін сақталуы тиіс ережелерді ескертті.
Өткен жылы Круглоозерный кентінің егіс алқабынан өрт шыққан еді. Абырой болғанда, барлық шаруа қожалықтары мен өрт сөндірушілер бірлесіп, тілсіз жауды ауыздықтады.
Еңбекке кіріскен диқандар қазірдің өзінде сұйық отынның кеш берілуіне шағымданып отыр. Олар: "Далалық жұмыстарға кірістік. Қазір бұрынғы қорымызбен жұмыстанып жатырмыз. Бір-екі күнде дизельді отынды таусылса жердегі ылғал құрғап кетуі мүмкін" ,-деп дабыл қағуда.
Бүгінгі таңда дизельді отынды тасымалдайтын компания анықталған. Ол шаруаларға бір литр сұйықтық отынды 161 теңгеден саудаламақшы екен. Алайда диқандар дизельді отынның қызығын қашан көретіні белгісіз. Тасымалдау баяу жүргізілсе, шаруалардың жұмысы тоқтап қалуы мүмкін.