0:00 / 0:00
БҚО халқының 23 пайызға жуығын жастар құрайды. Яғни 14 пен 29 жас аралығындағы топ өкілдері деуге болады. Биылғы жыл жастар жылы деп жарияланғандықтан белсенді топ өкілдеріне қай-қай бағытта да басымдық берілуде. Мәселен, «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында берілетін бір жолғы жәрдемақы 100 айлық есептік көрсеткішке көтерілмек жоспары бар. Аталмыш бағдарлама жүзеге асқан 10 жыл ішінде 5 мыңнан аса ауылдық жерлердегі мамандарға 1 млрд. 600 млн. теңге көлемінде бір жолғы жәрдемақы берілсе, 2638 жас маманға 7 млрд. теңгеден аса тұрғын үй алу үшін қаржы қарастырылған. Өңірлерде түлектерді «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмыс істеуге ынталандыру шаралары қарқынды жүріп жатыр. Бір жолғы көтерме ақы да жоғарылаған. Сонымен қатар биыл мемлекеттік бағдарлама шарапатын көріп, ауылды көркейтуге өз үлестерін қосуға ниет танытушылар үшін жағымды жаңалық та бар. Мемлекет басымдылық берген «Дипломмен-ауылға» бағдарламасы елді мекендердегі маман тапшылығын шешуге сеп болуда. Ауылдық аймақтағы сұранысқа байланысты медицина, білім беру және мәдениет саласына білікті, білімді жас мамандар баруда. Мәселен, осы жылдың 4 айында 600 ден аса болашақ маман қызығушылық танытқан. Облыс бойынша жалпы 600 ден аса маманға сұраныс бар. Жалпы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы іске қосылғалы бері елімізде 30 мыңнан астам адам ауылға тұрақтап, нәтижелі еңбек етіп жатқан көрінеді. Осылайша елді мекендердегі кадр тапшылығы мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді.