Деркөл кентіндегі Сарыарқа шағын ауданында 6 көшенің жолы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қазір жөндеу жұмыстары 40 пайызға орындалған. Бұл туралы қалалық әкімдік өкілдері хабарлады. Кенттегі жол жөндеу жұмыстары маусым айында бастау алды. Бүгінде жоспардағы 6 көшенің екеуінің тас жолы толықтай асфальтталған. Өткен жылы Майлин көшесінде басталған өтпелі кезеңге ауысқан 1,7 шақырым жол құрылысы толықтай үстіміздегі жылы аяқталыпты. Естеріңізге сала кетеміз, 10 жылдан аса уақыттан бері Деркөлдіктер жол азабын тартып келді. Тіпті бірнеше мәрте жолды жауып, әкімдік мамандарын шақыртқаны да баршаға аян. Қазір өз алдына бөлек кент мәртебесін алған мұнда құрылыс қарқын алған. Халықтың пікірі де өзгерген. Басталған жұмыстар қыркүйек айының соңына дейін орындалмақ. Орал қаласында жолдардың жалпы ұзындығы 600 шақырымнан асады. Оның 422 шақырымының асфальт жабыны бар. Жолдардың жай-күйін жақсарту, жол төсеу жұмыстары биыл да қарқынды жүргізілуде.