0:00 / 0:00
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қызметкерлері халықтың ақшасынан миллиондап жалақы алып жатыр. Өткен жылы бюджеттен тыс қорларға түскен жарналар мен аударымдардың жиынтық сомасы 1,8 триллион теңгені құраған. Бұл республикалық бюджетке түсетін корпоративтік табыс салығынан да көп. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қызметкерлерінің жалақысына жұмсалған ақшаны есептеп шықты. Депутаттың айтуынща, қордың төрт басқарма мүшесіне 77 миллион теңгеге жуық сыйақы төленген, яғни әрқайсысы 19 миллион теңгеден алған. Ал мәжілісмен Азат Перуашев, панедмия барысында айыппұлдан бас көтере алмай қалған кәсіпкерлер мәселесін көтерді. Депутат айыппұл мөлшері қарапайым адамның бір айлық жалақысының немесе жеке кәсіпкердің табысының 2-3%-нен, ең көп дегенде 5 процентінен аспауы тиіс деген ұсынысын алға тартты.
Қазақстандықтардың жалақысынан ай сайын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аударылады. Бұл халықтың тегін медициналық көмек алуы үшін құрылған қор. Алайда, сол қорды басқарып отырған басшылар халықтың қалтасынан шыққан ақшаға миллиондап айлық алып отырғаны мәлім болды. Депутат Аманжан Жамалов үікметке жолдаған сауалында 2019 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының әкімшілік шығындары 5,8 миллиард теңгеден асқанын айтты. Ал жұмысшылардың еңбекақысына 4,4 миллиард теңге жұмсалған. Егер мұны қордың барлық 850 қызметкеріне бөлсек, әрбіріне айына 434 мың теңгеден келеді. Бұл елдегі орташа жалақыдан 2 есеге жоғары - деді депутат. Ал қор басшыларының алған сыйақысы қара халықтың түсіне де кірмеген сома.
Аманжан Жамалов – ҚР парламент мәжілісінің депутаты " Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қолжетімді қаржылық есептілігін зерделесек, қордың төрт басқарма мүшесіне 77 миллион теңгеге жуық сыйақы төленген, яғни әрқайсысына – 19 миллион теңгеден. Қордың басқарма мүшесі халықтан жалақысының қанша екенін осы үшін де жасырған шығар. Коммерциялық құпия деп ақтала бастағны есімізде.Өкініштісі, бұл жағдай адамдардың жарнасы мен аударымдары есебінен ұсталатын мемлекеттік қорда болып отыр"
Мәжілісмен мұндай жағдай басқа қорларда да барын айтты. 2019 жылы БЖЗҚ-ның әкімшілік шығындары 11,8 миллиард теңгеден асқан. Ал Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының шығындары 1,9 миллиард теңгені құрады. Өз кезегінде депутат үкіметке бұл қорларды біріктіріп, бірыңғай әлеуметтік қор құрып, әлеуметтік қамсыздандырудың бюджеттен тыс жүйесін жұмылдыру мәселесін тездетіп шешуді ұсынды. Ал ақжолдықтарды пандемия кезінде айыппұлдан бас көтере алмай жатқан бизнестің жағдайы мазалады. Депутат Азат Перуашевтің айтуынша, рейд барысында кәсіпкерлерге қатысты заңсыз, негізсіз әрекеттер жасалып жатады. "Ақ жолға" кәсіпкерлерден көмек сұраған хаттар көп түседі. Мысалы, мониторингтік топ Теміртаудағы кәсіпкер әйелдің шағын дүкенін бір айда 18 рет тексеріп кеткен. Келтіре берсек мұндай мысалдар көп дейді депутат.
Азат Перуашев – ҚР парламент мәжілісінің депутаты «Базарда көкөніс сататын көпбалалы кәсіпкер әйелге тексеруші топ бетпердені иегіне тағып алдың, мұрның жабылмаған деп фотоға түсіріп,айыппұл салған. Күнделікті табысы 5 мың теңдеген аспайтын кәсіпкер әйел 670 мың теңге айыппұл төлуі тиіс. Яғни, айыппұлды төлеу үшін әлгі адам тамақ ішіп-жемей, пәтердің коммуналдық ақысын төлемей, балаларына киім алмай, жарты жыл жұмыс істеуі керек. Базарда күн сайын ондаған, жүздеген саудагерге айыппұл салынады. Оларға ешкім жаны ашып отырған жоқ. "Мониторщик" мырзалар, сіздер не ойлап жүрсіздер? Олар біздің мемлекеттің азаматтары емес пе?!»
Ақжолдықтар тығырықтан шыға алмай жатқан халыққа салынатын айыппұл көлемін қайта қарауды ұсынды. Жеке тұлғаларға салынатын кез келген әкімшілік айыппұлды азаматтың жеке табысын ескере отырып айқындау керек дейді. Яғни, айыппұл мөлшері қарапайым адамның бір айлық жалақысының немесе жеке кәсіпкердің табысының 5 процентінен аспауы тиіс деп санайды мәжілісмендер.