0:00 / 0:00
Батыс Қазақстанда «Денсаулық жолы» акциясы басталды. Жылжымалы медициналық кешен аудан орталықтарынан шалғай жатқан ауылдарды қамтымақ. Осылайша, 13 маман облысымыздың 4 ауданының тұрғындарына медициналық кеңес береді. Жылжымалы көш өкілдері Орал қаласынан салтанатты түрде аттанды.
Жыл сайын қолға алынатын дәстүрлі акция Жаңақала ауданының Жаңақазан, Айдархан ауылы, Бөкейорда ауданының Бисен ауылы мен Қазталовтың Қарасу ауылдарына аттанбақ. Мобильді топ құрамына кардиолог, педиатр, невропотолог, көз дәрігері мен онколог мамандар кіреді. Жылжымалы медициналық кешеннің басты мақсаты салауатты өмір салтын насихаттап, көптеген аурулардың алдын алу мәселелері бойынша ауыл тұрғындарына ақпараттық білім беру және медициналық көмек көрсету.
Мамандар мәліметінше, аурушаңдылық пен өлім-жітімге себепші 4 ауру категориясы бар екен. Соның ішінде жүрек-қантамыр ақаулары мен қант диабеті 1-ші орында тұр. Дұрыс тамақтанбау мен алкогольді ішімдіктерді шамадан тыс қолдану да аталған дерттердің дендеуіне басты себеп дейді мамандар. Сондықтан сала мамандары аурудың алдын-алуға бағытталған жұмыстарға баса мән беру керектігін айтады.
Медициналық қызметтен бөлек, шара барысында түрлі тренингтер өткізіліп, спорттық, мәдени шаралар ұйымдастырылмақ. Флюрография және маммография қызметі де көшпелі кешен қызметтерінің қатарында.