0:00 / 0:00
Демалыс күндері суға шомылатындардың саны артып, ажал құшу жағдайлары да жиілей бастады. Жыл басынан бері 9 адам тілсіз жаудың құрбаны болса, міне небәрі екі күн ішінде олардың саны 12 - ге жетіп отыр. Мұндай жағдайлардың жиілеп кетуі төтеншеліктерді әбігерге салуда. Сенбі күні Орал қаласындағы 1-ші саяжайдағы Жайық өзенінен 1960 жылғы ер азаматтың денесі шығарылды. Қай уақытта, қалайша ажал құшқаны белгісіз. Ал ағысы қатты Жайықтың арғы бетіне өтем деген балалардың біреуіне отбасына қайтып оралу бақыты бұйырмады. 2001 жылы туған жасөспірімнің денесін құтқарушылар судан шығарып алды.
Өз еркімен өзенге барып шомылатын балаларға кім жауапты? Көбіне бүлдіршіндер ата-аналарының қарауынсыз қалады. Ақжайық ауылында кешкі 8 шамасында отбасымен демалып жүрген 2008 жылғы жасөспірім суға батып кеткен. Қараусыз қалып ажал құшқан баланың денесін құтқарушылар сол күні 22-00 шамасында тапқан. Төтеншеліктер қала тұрғындарын су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.
Мамандар әр тұрғынға белгіленбеген жерде суға шомылудың қаупін түсіндіріп,оған қоса карантин кезінде жағажайлардың жұмысына тиым салынғанын да ескертіп келеді. Ал ескертуге құлақ аспай, қоғамдық тәртіпті бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.