0:00 / 0:00
Дәрілік заттардың сапасын анықтау үшін, дәріханаларды тексеруге заң қайшы. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, тек тұтынушылардан шағым түскен жағдайда ғана тексеріс жүргізуге мүмкіндік бар.Бүгінде дәрі-дәрмек сапасына күдік болса, онда ол үшін арнайы мемлекеттік орган – Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті бар. Біріккен комитеттің құрылымына Фармациялық бақылау комитеті, сонымен қатар санитарлық сараптама кіріп отыр. Осынау мемлекеттік орган дәрі-дәрмектің сапасы мен қауіпсіздігіне жауап береді.
Фармацевтика – қару-жарақ сатудан кейінгі ең табысты бизнес. Қала көшелерінде тізілген дәріхана көп. Ауырғанда жанына дауа іздеп дәрігерге барған науқас, жолай дәріханаға соқпай өтпейді. Дәрі –дәрмек өндірушілер оның сыртқы келбетін де тартым қылып шығарады. Жарнамасы да керемет. Науқас жарнамадағы дәріні алатыны сөзсіз. Бағасы шарықтап тұр. Бір сөзбен айтқанда дәрі сату бизнесі тиімді болып тұр. Өкінішке орай, осы бизнестің көлеңкелі тұстары да бар. Бүгінде Қазақстанда дәрілік заттардың 7690 атауы тіркелген екен. Ал отандық 80 кәсіпорын 11 мың тоннадан аса дәрілік заттар мен жылына 42,4 млрд теңгенің медициналық бұйымдарын өндіреді. Дегенмен елімізге сырттан келетін дәрілер көп. Әсіресе екпе дәрілері халық арасында күмән тудырып отыр. Еліміздің бас дәрігері күдік тудырған дәрілерге тексеру жүргізіледі дейді.
Алайда сапасыз дәрілердің нарыққа түсуін қадағалау үшін, дәріханаларды жоспардан тыс, кенеттен тексеруге Кәсіпкерлік кодексі кедергі болып тұр. Тек тұтынушылардан шағым түскен жағдайда ғана тексереді.
Қазір шетелдерде шығарылып, басқа мемлекеттерге экспортталып жатқан дәрілердің құрамы көбіне өсімдіктерден немесе жануарлардан алынады. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде өзіміз шетелден қымбатқа сатып алып жатқан дәрі-дәрмектердің 90 пайызының шикізаты Қазақстанда бар.