Отбасында зорлық көріп, таяққа жығылып, түрлі қысымды бастан өткеріп жүрген әйелдер көп. Отасқан жарын түрлі себепті желеу етіп, ұрып-соғып, баласының психологиясына зиян келтіріп жүргендер өздерін ақтап та алады. Ерлі-зайыптылардың проблемасына көз жұма қарайтын тума -туыс та көп. Биыл осындай соққыға жылығып, өміріне қауіп төнген әйелдің 148-сі дағдарыс орталығының көмегіне жүгінген. Олардың 45-сі орталықты паналапты. Бүгінде некелі жарынан қысым көріп, зорлық-зомбылықтан жапа шеккен нәзік жандыларға қандай көмек көрсетіледі?
Күні бүгінге дейін облыс орталығында орналасқан дағдарыс орталығына 150-ге жуық адам көмек сұрап, жүгініпті. Олардың 45-сі орталықтың қабырғасын паналаған. Сала мамандары жыл санап мекеме көмегіне жүгінетін жандардың қатары артып келе жатқанын айтады. Мәселен, бұрындары осындай орталықтан ішімдікке үйір, тұрмысы төмен жанұялар көмек сұраса, қазір материалдық жағдайы өзгелерден кем түспейтін отбасыларда да аталмыш проблема белең алған.
Орталыққа келетін жандардың тағдыры әртүрлі. Мысалы, мына әйелге жолдасы қол көтеріп, күн бермеген. Аты-жөнін атамауды сұраған келіншек күйеуінің дөрекі мінезін бірден байқағанын айтады. Алайда ер азаматының барлық теріс қылығын қызғаныштан шығар деп өзі ақтап келген.
Орталықтың заңгерлері көмекке жүгінген әйел адамдар өзін-өзі қорғауды білмейді,- дейді.
Отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылықты көріп жүрген қаракөздеріміздің қарасы қалың. Олардың бірі соққыға жығылса, енді бірі психологиялық, экономикалық қысымға ұшырауда. Мемлекет тұрмыстық зорлық-зомбылықпен қаншама күрессе де, әлсізге әлімжеттік жасайтын жандар азамай тұр. Тіпті, жолдасының үстінен арыз түсіріп, кейін жанұяның болашағы үшін деп арызын қайтарып алатындар көп. Мұндай оқиғалардың көбі қайғылы жайттармен аяқталып жатыр.
Сурет https://365info.kz/ сайтынан жүктелді