0:00 / 0:00
Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой отандық QazVac вакцинасын бірінші болып салдырды. Тіпті министрдің бұл ерлігі мемлекттік арналардың бірінде тікелей эфирде көрсетілді. Еске сала кетейік, 26 сәуірден бастап Қазақстанда биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының базасында шығарылған отандық вакцинан егу басталды. Аймақтарға осы екпенің 50 мың доза жеткізілсе, соның 6 мың дозасы Нұр-Сұлтанға жетті. Елордаға жеткен отандық екпені денсаулық сақтау министрі мен орынбасары бірге салдырды. Бұдан әрі екпе медицина қызметкерлері мен педагогтерге жасалмақ.
Еліміздің бас дәрігері Алексей Цойдың вакцина салдыруы көптен күткен ұлы той болды. Денсаулық сақтау министрі ақпан айынан бастап салынып жатқан реесйлік вакцинаны салдырмай, отандық вакцинасын күтемін деген еді. Бүгін сол уәдесін дәлелдеу үшін, министрдің екпе салдыруына мемлекеттік арна тікелей эфирін аямады. Цой елордадағы 9 емханаға келіп, ел қатарлы дәрігерлік тексеруден өтіп, енді ғана аймақтарға таратылып жатқан QazVac вакцинасын салдырды. Қазақстандық вакцинаның бір құтысы бір адамға салынады. Медбике министрге вакцина салдырғаннан кейін қандай күйде болатынын айтты. Сондай-ақ, Алексей Цойға екпеден кейін алкогольдік ішімдік ішпеуге кеңес берді.
Қазақстандық ғалымдар әзірлеген QazVac вакцинасы биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының базасында шығарылды. Бұл институттың 50 мың доза ғана шығаруға қауқары бар. Енді қазақстандық вакцинаны көбірек шығару үшін Түркия елінің көмегін қолдануымыз мүмкін. Қазір отандық вакцинаны құятын бірнеше алаңды қарастырып жатырмыз дейді министр.
Алексей Цой –ҚР денсаулық сақтау министрі «Институт 50 мың дозаны өзі шығара алады. Одан әрі оның көлемін көбейту үшін әртүрлі алаңдарды қарастырып жатырмыз. Түркиялық әріпетстермен келіссөз жүріп жатыр. Сондай-ақ өз зауытымыздың құрылысын салып бітіреміз».
Елде тәулігіне 6 мыңға жуық адам вакцина салдырып жатыр. Бастапқыда тұрғындар вакцинаға аса сақтықпен қараса, енді екпе індеттен құтылудың жалғыз жолы екенін түсінді дейді министр. Өкінішке орай, денсаулық сақтау министрлігі әу баста жоспарлағандай вакцина салу кестесінен кешеуілдеп қалды. Мысалы, батыс өңірлеріне екпе дұрыс жетпей, тапшылық орын алуда.
Алексей Цой –ҚР денсаулық сақтау министрі «Жақын күндері Батыс Қазақстанға вакцина жеткізілді. Екі күн сайын жаңа партия жеткізіліп жатыр. Сондықтан өңірлерде екпе тапшылығы болмауы керек. Ең бастысы азаматтар вакцинаның қауіпсіз екенін, карантиннен шығудың бір жолы –екпе салдыру екенін түсіне бастады. Қазір әр 20-шы қазақстандық вакцина қабылдады».
Министрлік өкілдерінің айтуынша, жаппай вакциналауға сауда ойын-сауық орталықтарында ашылған егу кабинеттері ықпал етіп жатыр.Себебі, жұмыстан шыға алмайтын азаматтар емханаға бармай-ақ, өзіне ыңғайлы уақытта сауда орталықтарындағы екпе пунктеріне барып жасатуда. Айта кету керек, елордадағы ірі сауда орталықтары өздерінде егу пунктеріне ашуға қуана-қуана келісті. Себебі, жұмыс уақыты түнгі 22,00-ге дейін жалғасады және демалыс күндерінде де жұмыс істейді.