0:00 / 0:00
Еліміздің басты қаржы құжатына енгізіліп отырған өзгерістердің бірі- жергілікті мемлекеттік басқару органдарының қаржылық қамтамасыз етілуі, құзыреттерін өзгерту болып отыр. Сенат депутаттары бюджет деңгейлері арасындағы шығындарды бөлу және әкімдіктердің құзыретіне қатысты мәселелерді көтерді. Бұл орайда білім беру, жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру, қылмыстық-атқару жүйесі, қорғаныс, орман шаруашылығы және басқа да салалар бойынша сұрақ бар дейді депутаттар.Әкімдіктерге өкілеттіктерді беру алдында олардың кадрлық, қаржылық және операциялық мүмкіндіктеріне жан-жақты талдау жүргізілмеген деп отыр олар. Вице-премьер Серік Жұманғарин болса жергілікті бюджеттердің үлесі 36 пайыздан 47 пайызға дейін артты деп отыр. Дегенмен сенаторлар бюджетті оңтайландыру жұмысы жүргізілгенімен, тапшылықты жабу жолдары жоқ. Сол баяғы Ұлттық қорға ауыз ашып отыр деп сынады үкіметті.
Сонымен қатар, сенаторлар экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру тәртібін өзгерту, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт тарту механизмін қайта қарау және мақсатсыз трансферттерді міндетті түрде қайтару нормасын енгізуді ұсынды. Бюджет кодексі сенаторлар енгізген ұсыныстармен мәжіліске кері қайтарылды. Ал қазынада ақша жоқ, бюджет тапшылығын жабу үшін салықты көтереміз деп отырған үкімет елде халықаралық форумдар өткізуге қаржыны аяп отырған жоқ. Жақында Үкімет басшысының Астана халықаралық форумын өткізу туралы өкімі шықты. Премьер-министрдің орынбасары Жұманғариннің айтуынша, бұл шараға 4,5 млрд теңге қажет. Ковид кезінде, одан кейін былтырғы су тасқыны барысында бұл форум өткізілмей қалған болатын. Елде қазір де жағдай мәз емес, бірақ форум өтетін болды.
Вице-премьер форумының шығындары негізінен демеушілер есебінен жабылады деп сендіреді.