0:00 / 0:00
Қалалықтарды бұралқы иттердің көптігі алаңдатуда. Тіпті кейбір тұрғындар қаңғыбас иттерді отшашумен қорқытып, үйлеріне үрейленіп жетіп жүр. Шынында, адамның досына балайтын, жеті қазынаның бірі деп саналатын жануардың қадірі кетіп, адам баласына қауіпті бола бастады. Заң бойынша - ит иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын болса, үй жануарларын есепке алу бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Бұл орайда арнайы қағида басшылыққа алынады. Жаңа заң бойынша ит-мысықтарды есепке алу 2023 жылдың 1 қыркүйегінде күшіне енеді.Тұрғындар неге алаң? Бүгінде оралдықтар да қалада бұралқы иттердің көптігін айтып, шағымдануда. Шаһардың әр түкпірінде тұратын бұқара қаңғыбас иттердің шынымен қауіпті бола бастағанын алға тартты.Тіпті бұралқы жануардан қорғану үшін қолдарына түрлі аспаптар алып жүретін болыпты.Қалалық ветеринарлық стансаның директоры Ғаділбек Әлібековтың айтуынша, ит аулаушылар бригадасы күн сайын жұмыс жасайды. Олар адамға шауып, кенеттен қауіп төндірген иттің көзін бірден жояды. Алайда тұрғындардың шақыртуы бойынша иттерді ұстауға барғанмен, зооқорғаушылардың жануарларды аулаларына кіргізіп алатын да кездері жиі болатын көрінеді. Зашаған кентіне үш рет шақыртумен барғанда 58 иттің көзі жойылыпты. Жалпы ауланған иттің 80%-ы қолда өскен, күтім көрген үй жануары екен.Мәселен, 2020 жылы ит-мысық аулауға жергілікті бюджеттен 22 млн 606 мың теңге, былтыр 61 млн 896 мың теңге бөлінген. Биыл 65 млн 576 мың теңге қарастырылыпты. Облыста ветеринарлық стансаларға тиесілі 10 вольер, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да үй жануарларын уақытша ұстауға арналған бір питомник, жануарларды қорғау ұйымдарына тиесілі 6 питомник бар. Былтыр Шыңғырлау ауданында 15 ит-мысыққа арналған орынның құрылысы аяқталған. Содан бері 7 072 қаңғыбас ит-мысыққа, иесі бар 2291 үй жануарына чип салынып, есепке алыныпты. Айта кету керек, иелері ит-мысықтарға чипті өздерінің қаражатына салдырады.