0:00 / 0:00
Орал қаласында балабақша тәрбиеленушілері ас пісіріп жарысты. Байқауға 10-нан астам бүлдіршін қатысты. Сайыстың мақсаты-баланы еңбекке баулу, келешекте мамандық таңдауға қол ұшын созу.
Өркениетті мемлекеттерде балалардың түрлі мамандықты игеріп, қызығушылығын анықтау үшін арнайы жұмыс жолға қойылған. Келешекте әр жастың мамандық таңдауда жаңылмауы үшін Орал қаласында екінші жыл қатарынан "Baby Skills" жарысы ұйымдастырылды.
Бүлдіршіндер сайысқа тыңғылықты дайындалып келген. Әуелі балалар өзін таныстырып, көкөніс пен жемістерді ажыратты. Кейін кәсіби аспаздар секілді пицца дайындады. Олар тағамды дәмді дайындауға тырысты.
Балабақша тәрбиешілері де мұндай сайыстардың бүлдіршіннің дамуы үшін маңызды екенін атап өтті.
Жас аспаздар пиццадан бөлек, жемістен салат жасап, өнерлерін ортаға салды. Сайыстың үздіктері түрлі марапатқа ие болды.