0:00 / 0:00
Азаттық аңсаған тұста егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалған баһадүр бабаларымыз Исатай мен Махамбетке қала орталығынан еңселі ескерткіш орнату біраз жылдан бері қозғалып келгені әмбеге аян. Аталмыш ескерткіш мәселесіне қатысты, облыс орталығының әр тұсынан лайықты орындар таңдалып, әкімдік пен қоғамдық ұйымдардың өкілдері де бастаманың бас - қасында бола білді.
Оралға Атырау бағытынан кіреберістегі Шаған өзені көпірі маңынан орын тепкен Исатай мен Махамбет ескерткішінің тұғырымен қоса есептегендегі жалпы биіктігі - 13 метрді алқымдайды. Құрылыс жұмыстары осы жылдың ақпан айында басталған-ды.Негізінен, көбіне көп мұндай монументалды ескеркіштер өзендердің жағалауына немесе қаланың кіреберіс қақпасына оратылатындығын сала мамандары атап өтті.
Көпшілік бұл жердің тарлығын айтуы мүмкін. Бірақ келер жылы біз қаланың бас жоспарына өзгерістер енгізіп, бұл аумақты абаттандыруды көздеп отырмыз. Осы аумақтың оң жағы - “Құтқару станциясы”, сол жағы - жайылма. Сол жерді көтеріп, екі үлкен тынымбақ жасақталады, - дейді БҚО тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мемлекеттік инспекциясының басшысы Талғат Жүсіпқалиев.
Қос батырдың өр рухы мен тұлғалық болмысына баға берер білдей ескерткіштің нобайы ауадан алынған жоқ. Талапқа сай, байқау жарияланып, өз өңірімізді қоспағанда Астана мен Алматы сынды қалалардан 6 сәулетші бақ сынасқан көрінеді. Бүгінде, қоладан соғылған ескерткіштің жобасын авторлық ұжым - сәулетші Серік Рустамбеков , Ринат Әбенов пен Ербол Зиябековтер әзірлеп жатыр.