0:00 / 0:00
Өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында өткен шараға қоғам белсенділері, блогерлер мен ТЖД-нің қызметкерлері қатысты. Айта кетейік, қаламыздағы ең үлкен сауда орындарының бірі -"Сити центрда" бүгінгі күнге дейін өте ауқымды жұмыс жүргізілген болатын. Соның арқасында анықталған кемшіліктер толықтай жойылып отыр.
Кемереводағы жайттан соң ата-аналарды ойын-сауық орталықтарының қауіпсіздігі қатты алаңдата бастады. "Сити центр" ойын-сауық орталығына бас сұққан белсенділер мен блогерлер кемшіліктердің жоқ емесін айтты. Бүгінгі күні өткізілген тексерісте осы олқылықтардың орны толтырылғаны аңғарылды. Нысанның барлық қабатын блогерлер мен ТЖД, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері аралап, тексеріп шықты.
Осыған дейін департаментпен жүргізілген тексеріс кезінде көптеген сауда нысандарында төтенше жағдайда шығу есіктері қарастырылмағаны және өрт сөндіру жүйесінің дұрыс жұмыс жасамауы айтылған болатын. Облыс бойынша 55 ойын-сауық орталығы тексерілген. Бұл жолы комиссия "Сити центрда" ешқандай кемшілік жоқ деген тоқтамға келді.
"Ескертуден нәтиже шығарған "Сити центр" ойын-сауық орталығында атқарылған ауқымды жұмыс өзгелерге үлгі боларлықтай",- дейді мамандар. "Қауіпсіздік маңызды" деп аталатын аталмыш эстафета өзге нысандарға жолданып отыр.