0:00 / 0:00
Бұған дейін төтенше жағдай департаменті 40 градусқа дейін тіркелетін аптап ыстық ауа райы жөнінде смс хабарлама таратқан болатын. Ақ халаттылар сынап бағанасы жоғарылаған кезде күн астында ұзақ жүрмей, денсаулықты күту жөнінде кеңес береді.
Қоғамдық орындар мен демалыс бақтарына серуенге шыққанда орамал, қалпақ сынды жұқа бас киімді киіп шығуды ұмытпаған жөн. Және мейлінше сұйықтықты жиі тұтынған абзал. Дәрігерлердің айтуынша, қазір адамдар көбіне күн өтіп, жүрек қысылу кезінде жедел жәрдем көмегіне жүгініп жатыр. Ауаның ыстық температурасынан ағзадан тер көп бөлініп, жүрек тез қағады. Демалу жиілеп, ағза ылғалдан, дәрумендер мен минералды тұздардан арылады, әсіресе жүрек бұлшық еттеріне маңызды магний және натрийге тапшы болады. Сондықтан ыстық күн жүрек-қан тамырларымен ауыратын адамдарға өте қауіпті.
Ыстық күндері қатты терлеп келіп, суға сүңгіп кетуге болмайды. Ауа температурасы мен су темперарысының айырмашылығы 10 градустан асса, адамның денесі құрысып қалуы немесе жүрегі ұстап қалуы бек мүмкін. Жазды күні судан келер қауіптің де жоғары екенін ұмытпаған жөн. Және жоғары температурада дұрыс тамақтану ережесін ұстану қажет.