0:00 / 0:00
"Қазіргі уақытта аймағымыз бойынша коронавирус инфекциясымен ауырғандар тіркелген жоқ. Бірақ вирус анықталған жағдайда азаматтар үшін үш арнайы карантиндік госпиталь дайын", - деп атап өтті облыстық мәслихаттың кезекті 33 сессиясында өңірдің бас дәрігері Болатбек Қаюпов. Мұнымен қоса, өңірдегі санитарлық іс-шаралардың барлығы ҚР Бас санитарының келісімімен жүргізіліп келетіндігі де айтылды. Бүгінгі күні эвакуация кезеңіне 143 емделуші алынса, оның Б-санатына 70 адам, Б-14 санатына 59-ы алынып отыр. Олардың барлығының жағдайлары жақсы, бақылауда, әрі коронавирус инфекциясының белгілері жоқ көрінеді.
"Карантин қауіпі болған жағдайда емделушілер бірден оқшауланады. Егер науқастан қабынудың жанама белгілері анықталған жағдайда ол провизорлық стационарға ауыстырылады, ал коронавирус белгілері табылған жағдайда
инфекциялық ауруханаға жатқызылады. Бізде 190 орынға арналған төсек дайын. Қажет болған жағдайда 4520 көрсеткішке дейін орын таба аламыз. Жоспарлы шаралар жасқаталған, - деді БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюпов.
Сессияда халық қалаулылары шаһар бойынша бетперде мен дезинфекциялық ертінділердің тапшы екендігін атап өтіп, бұл мәселе қаншалықты бақылауда екендігін сауалмен жолдады. Расымен қаламызды қоспағанның өзінде, өңіріміздің шалғай ауылдық елді -мекендерінде бетперде тапшылығы анық байқалып жатқандығы анық. Сол үшін де қаламыздағы 3 кәсіпорын бетперде шығарумен айналысуды бастап кеткен. Мұны аймақ басшысы тілге тиек етті.
"Бірінші кезекте медициналық қызметкерлер мен жергілікті полиция өкілдері, ХҚО және коммуналдық мекемелердің қызметкерлері бертпердемен қамтамасыз етілуі тиіс. Тұрғындармен күнделікті байланысатын да солар. Оларға әлбетте беперде табамыз. Қазіргі таңда Орал қаласында 3 кәсіпорын бетперде шығаруды бастап кетті. Басымдық жоғарыда айтылған қызметкерлер болып қала бермек" - деді БҚО әкімі Ғали Есқалиев.