0:00 / 0:00
БҚО-да биыл 900-дей адамнан қатерлі ісік анықталған. Бүгінде аталмыш дертке шалдығушылардың жасарып бара жатқаны дәрігерлерді алаңдатып-ақ отыр. Биылғы жыл басталғалы 30-дан 35 жас аралығындағы 10 адамнан жаман ауру табылып, ота жасалған. Әсіресе өкпе, асқазан, сүт бездері және жатыр мойыны ісігі кең белең алуда. Адам өмірін сақтап қалудың қарапайым жолы-сырқаттың ерте анықталып, дер кезінде ем тағайындалуы ғана.
Онкологиялық аурулар - ғасыр індеті. Бүгінгі медицина дамыған заманда ақ халаттылар дертті 3 деңгей бойынша емдеп отыр. Алғашқысы емханалар мен ауруханаларда жүргізілетін тексеру кезінде анықталып емделеді. Осы бағытта аймақта 23 онколог пен 19 мамолог жұмыс жасауда. Ал одан кейінгі санатта облыстық онкологиялық диспансерге жолданып, ота жасалады. Асқынған аурулар онкологиялық радиологиялық қазақ ғылыми зерттеу институтына жолданады.
Тіркелген науқастардың 63 пайызында дерт ерте сатыда анықталыпты. Ерте сатысында емді бастау-адам өмірін сақтап қалу мүмкіндігін арттырады. Сондықтан сүт безі қатерлі ісігіне шалдығу қаупі бар-жоғын 40 пен 70 жас арасында әр 2 жыл сайын скринингтік тексерістен өту арқылы тексеріп отыру керек. Сондай-ақ скринингтік тексерістің 30-70 және 50 -70 жас аралығында өткізілетін түрлері бар.
Жалпы облыс бойынша 6787 адам онкологиялық есепте тұр.
Сүт безі қатерлі ісігі 30 бен 35 жас аралығындағы 10 емделушіден анықталып отыр. Соңғы кезде жастардың арасында қатерлі дертке шалдығушылар санының артуы-медицина саласындағы өзекті мәселеге айналып отыр.