Орал қаласында жалға берілген су тоғандарында өсірілген шабақтар айдындарға жіберіліп жатыр. Айта кетейік, табиғат қолданушылары балық өсімін молайтуға үлес қосуға міндеттеліп, тоғандарда уылдырықтарды өсіру тапсырылған еді. Қазір биылғы жылдың алғашқы шабақтары өсіп-жетіліп, салмақтары 80 граммға дейін тартып отыр. Бүгін мамандар аталмыш процестің қалай жүзеге асатынын өз көздерімен көрмек болып тоғандарды аралап қайтты.
БҚО-да 39 су айдыны бар. Олар 27 табиғат қолданушыға жалға беріліпті. Қазір балық шаруашылығын қолға алғандар экологиялық жағдай мен заңсыз балық аулаудан болатын залалдың салдарын жою жолында еңбектенуде. Олар уылдырық шашқан балық шабақтарын қолдан қоректендіріп, тоғандарда өсіріп, кейін үлкен су айдындарына жібереді.
Бұрын осындай жолмен өсірілген балықтардың жаңа айдындарда тіршілік етуге бейімдігі төмен болатын. Шамамен 10-12 пайызды ғана құраған. Ол кезде шабақтар көршілес елдерде жеткізілсе, қазір Жайық өңірі су қоймасының балықтары шашқан уылдырықтарын көбейтуге басымдық беріліп отыр. Нәтиже бар және жергілікті өзен-көл шабақтарының мұндай жағдайда өміршеңдігі жоғары екені байқалуда дейді мамандар.
"Біз бүгін 4 тоғанға балық шабақтарын жіберетін боламыз. Балықты суға жібермес бұрын алдын ала зерттеу жүргізіліп, сынама алынады. Бүгін 40 мың шабақты айдындарға аттандырамыз",-дейді табиғатты пайдаланушы Владимир Завьялов.
Жергілікті шаруашылықта тұқы балықтың 3 түрі өсіріліп жатыр екен. Және қатаң табиғат қолданушыларының қорғауына алынған. Сондықтан күні-түні тоған маңы бақылауда, уақытымен шабақтар қоректендіріліп отырады. Кез келген су айдынына шабақтар жерсініп кетуі үшін салмағы кем дегенде 25 грамм болуы керек, -дейді мамандар.
Кәсіпкер Михаил Марченконың айтуынша, биыл шабақтардың үлкен, жақсы жетілген. "Біз оларға арнайы азық дайындаймыз. 6 тоғанда 117 тонна арнайы жем берілді. Биыл 4 үлкен, 2 шағын тоғанда жұмыс жасалды. Көбінесе дөңмаңдай және ақ амур деген балықтарды өсірдік,-дейді ол.
Табиғи бейімдік ескеріліп, негізінен шабақтарды өзен-көлдерге жіберу осындай күзгі салқында атқарылатын шаруа көрінеді. Заңсыз, аса көп көлемде балық аулау мен судың таяздығы балық өсіміне кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан осыған дейін үкіметтік деңгейде көтерілген балық шаруашылығын дамытуға біздің өңір де өз үлесін қосатын болады.