0:00 / 0:00
Қазақстандық кәсіпкерлерді бопсалау орын алуда. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мониторингтік топтардың жетекшілері кәсіпкерлерді қорқытып, тұрақты «алым-салық» жинайды деп мәлімдеді. Депутат Үкімет басшысы Асқар Маминге арнаған сауалында осыған қатысты барлық мәселені жайып салды. Мониторингтік топтардың жұмысын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бақылауға алуы қажет деді. Перуашевтің айтуынша, аймақтарда мониторингтік топтар шенеуніктердің туыстарына тиесілі мейрамханалар мен клубтарды айналып өтеді екен. Бизнес қауымдастығынан келген бұл шағымды Ақжолдықтар қатаң бақылауға алуды талап етіп отыр.
Таныс-тамырың болса жақсы қызметке кіре аласың. Бұл Қазақстан қоғамындағы айықпас дерт. Аға-көкелерінің арқасында талай лауызымды қзыметтерді басып алып жатқандар баршылық. Енді бұл дерт пандемия барысында да кеңінен тарап жатыр. Яғни карантин талаптарын сақтамайтын бизнес субьектілерін тексеріп, шырылдатып айыппұл салып, қажет болса жауып тастап жатыр. Ол үшін арнайы мониторингтік топ жұмыс істейді. Алайда, бұл топ өз жұмысын адал атқарып отырғанына күмән бар. Себебі, аймақтардағы кәсіпкерлер шенеуніктердің туыстарына тиесілі мейрамханалар мен клубтардың жұмысына тексеру жүргізілмей жатқанын айтып шағымдануда. Мұндай мекемелер барлық карантин кезеңінде еш кедергісіз және тәулік бойы жұмыс істеп жатқан көрінеді. Сондай-ақ. Мониторингтік топ кейбір кәсіпкерлерден пара алып, көзді жұма салады екен.
Азат Перуашев – ҚР парламент мәжілісінің депутаты «Мониторинг топтарының басшылары кәсіпкерлерді бопсалап, ірі көлемдегі айыппұлдармен қорқытып, тұрақты «алым-салық» жинайды екен деген ақпарат тарап жатыр. Кейбір жағдайларда 50 мың теңге көлемінде апталық тариф енгізілген. Егер ірі қалалар мен облыс орталықтарында, шамамен,1-2 мың қоғамдық тамақтану орны мен басқа да қызмет көрсету нысандарының бар екенін ескерсек, әрбір қалада тексерушілердің «рентасы» бір айда 100 миллион теңгеден асуы мүмкін. Ал бұл ауыртпалықтың барлығы онсыз да қиын жағдайға тап болған орта және шағын бизнес иелеріне түседі».
Ал «алым-салықты» төлеуден бас тартқан кәсіпкерлерге айыппұл салынып, БАҚ қатысуымен демонстрациялық тексеріс жасалады. Депутат Перуашев карантин талаптарын сақатуды бақылап жатқан топтардың қызметінде заңсыздық орын алып отырғанын айтады. Мысалы, Алматы қаласында санитарлық эпидемиологиялық қызмет мамандарына мониторингтік топ жұмысына қатысуға тыйым салынған. Демек, барлық тексеріс заңсыз жүргізіледі деген сөз. Ал пара беріп, құтылып жатқандардың карантин талаптарын сақтап отырғанына күмән бар дейді мәжілісмен.
Азат Перуашев – ҚР парламент мәжілісінің депутаты «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне мониторинг топтарының қызметін ерекше бақылауға алу, кәсіпкерлерден бопсалау мен жүйелі түрде «алым-салық» жинауды анықтау және жолын кесу, мониторинг топтарының мүшелерін, оның ішінде қоғам қайраткерлерін мемлекеттік бақылау функцияларын орындауға байланысты сыбайлас жемқорлық жауапкершілікке тартылатын адамдар тізіміне енгізуді талап етеміз»
Осылайша, Ақжолдықтар үкімет басшысына арнаған сауалында пандемия барысындағы былықтарды жайып салды.