0:00 / 0:00
Оралдық еріктілер жедел жәрдем қызметі мен блок-бекеттерге ыстық тамақ апарды. Коронавирусқа қарсы күрестің алдыңғы шебіндегі дәрігерлер мен полицейлерге ас-ауқат жеткізілді. Бұл жолғы игілікті іске Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ұжымы ат салысып, бүкіл шығынды өздері көтеріп алды.Осылайша 200-ден астам дәрігер мен полиция қызметкеріне түскі ас әперді. Еріктілердің ыстық ықыласына ризашылығын білдірген ақ желеңділер жағдайдың қиындауына байланысты, тұрғындардың да түсіністік танытқанын айтады. Осылайша қит етсе, жедел жәрдем шақыртушылардың қатары соңғы кезде айтарлықтай азайған. Қазір өңірде екі адам коронавирус дертін жұқтырған. Осындай науқастар үшін он бригада жасақталыпты. Күшейтілген карантиндік режимге байланысты Оралға кіретін-шығатын жолдарға блок-бекеттер қойылды. Бұл жерден күніне 350-400 автокөлік өтеді. Бекет басында жолаушылар мен жүргізушілердың дене қызуы мен құжаты мұқият тексеріледі. Күндіз-түні тынбай еңбек етіп жүрген полицейлер қиын кезде өздеріне көңіл бөлген еріктілерге ризашылығын жеткізді.Игілікті шараны ұйымдастырушылар уақытша қиындықты жуық арада еңсеретінімізге сенімді. Яғни қиын қыстау кезде жұдырықтай жұмылу- жемісін де, жеңісін де береді дейді. Облыста барлығы 60, ал қала маңына 9 блокбекет қойылды. Бүгінде тұрғындармен түсінік жұмыстарын жүргізу нәтижесін беріп, қатынаушы көліктер саны азайған.