«Адамның табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ» – десе де қазіргі таңда көптеген табиғат тазалығы жөнінде акциялар өткізіліп келеді. Сол акцияның бірі «Таза су айдындары» жыл сайын өткізілуде. Акцияның мақсаты табиғатты тазалап қою ғана емес, жастарға, келер ұрпаққа адамзаттың табиғатсыз күні жоқ екенін ұқтыру. Таза су – денсаулық кепілі, тіршілік көзі. Көктем келіп, қар мен мұздың еріп, күннің көзі шуағын төге бастағаннан демалыстың қызғатын шағы. Көпшілік халықтың осы мамыражай кезеңде жасыл желекке оранған табиғат аясына асығатыны бәріне аян. Көбіне өзен-көлдердің жағалауында демалатындар тек тынығып қана қоймай, су айдындарын ластап кетіп жатады.
Осы орайда, ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитетінің ұйымдастыруымен «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, биыл да жалғасын тапты. Бұл акцияның маңыздылығы су айдындарын тұрмыстық қалдықтардан тазалау. Биыл аталған акция 18 наурыз бен 31 мамыр аралығында өтеді. Күні бүгінге дейін республика бойынша 170 тоннадан астам қоқыс су айдындарынан тазартылды.
«Аталған акция балық шаруашылығы субъектілері мен балық ресурстарын қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың күшімен жүзеге асырылады. 2022 жылғы 13 мамырдағы жағдай бойынша су айдындарын тазарту жөніндегі күнделікті іс-шараларды жүргізу нәтижесінде республика бойынша 781 дана тасталған балық аулау желілері, 3 қармақ алынды және 169,87 тонна тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Акцияны өткізуге 2763 адам, сондай-ақ 101 жүзу құралдары мен 430 автокөлік жұмылдырылды»,- деді ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов.
Бұл акцияның негізгі мақсаты – халықты тазалыққа шақыру, жастарды, соның ішінде студенттерді табиғат ананы аялауға баулу, су айдындарының экологиялық жағдайын жақсарту болып табылады. Сол себепті, облыс тұрғындарын тазалыққа шақырамыз. Айта кету қажет, аталған табиғат қорғау акциясы жыл сайын республика бойынша кең көлемде өткізіледі.