Батыс Қазақстан облысында 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында «Бекіре» табиғатты қорғау акциясы өтуде. Бұл шара – уылдырық шашу кезеңінде заңсыз балық аулау мен браконьерлікке қарсы күресті күшейтуге бағытталған. Акцияның басты мақсаты – су биоресурстарын олардың табиғи жолмен көбейетін ең әлсіз кезеңінде қорғау. Өңірдегі су айдындарында арнайы мобильді топтар тәулік бойы патрульдік бақылау жүргізіп, табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын қадағалауда. Жайық өзені мен оған жалғас су айдындарында бұл шектеу 15 маусымға дейін жалғасса, өзге су қоймаларында 31 мамырға дейін балық аулауға рұқсат жоқ. Сондай-ақ, 1 сәуір мен 15 маусым аралығында шаян аулауға да тыйым салынған. «Бекіре» акциясы басталғалы бері 84 құқық бұзушылық фактісі тіркеліп, 67 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Акция барысында тек заң бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, су биоресурстарын сақтау және көбейту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен су айдындарына бағалы балық түрлерінің шабақтарын жіберу жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде.
Бүгінгі күнге дейін аймақтағы су айдындарына 630 мыңнан астам шабақ – сазан, дөңмаңдай және ақ амур жіберілген. Олардың орташа салмағы 30-100 грамм аралығында. Осы шараның жемісті болуы үшін инспекция мамандары табиғатқа жанашырлықпен қарап, заң талаптарын сақтауға шақырады.